03 мам, 2019 сағат 20:14

«Jas Otan» жаңа төрағасы қызметін нәтижелі атқарады деп сенемін - Мәулен Әшімбаев

Бүгін «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен «Jas Otan» жастар қанаты Орталық кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде ұйымның жаңа төрағасын сайлау мәселесі қаралды.

Отырысты ашқан «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары «Jas Otan» жастар қанатын партияның негізгі тірегі деп атады.

- Қазақстанның барша жастарымен жұмыс істеуде, оларға Елбасы саясатын түсіндіруде, жас буынды қоғамдық іс-шараларға жұмылдырып, игі істерге бағыттауда «Jas Otan»-ның атқарар рөлі зор. Сондықтан жасотандықтарды Елбасының сенімді көмекшілері деп айтуға толық негіз бар, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен биыл «Жастар жылы» деп жарияланғанына назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруға «Jas Otan» жастар қанатының белсенді үлес қосатынына сенім білдірді.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев осы уақытқа дейін «Jas Otan»-ның төрағасы болып келген Данияр Сүндетбаевқа нәтижелі еңбегі үшін барша жасотандықтардың атынан алғыс білдірді.

- Данияр Сүндетбаевтың төрағалығы кезінде «Jas Otan» жаңа биікке көтеріліп, бірқатар тың жобалар қолға алынды. Жастар қанатының жаңа, заманауи форматтағы IV съезі ұйымдастырылды. Сондықтан Данияр бауырымызға атқарған қызметі үшін алғыс білдіріп, алдағы істеріне сәттілік тілейміз, - деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, соңғы екі жыл бойы еліміздегі жасотандықтардың басшысы болып келген Данияр Сүндетбаев шетелде білімін жалғастыру туралы шешім қабылдап, өз еркімен қызметінен босатылды. Соған байланысты «Jas Otan» жастар қанатының Орталық кеңесі Данияр Сүндетбаевтың өкілеттігін тоқтату туралы шешімді қолдап дауыс берді.

Осыған орай «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары «Jas Otan» жастар қанатының төрағалығына бүгінге дейін осы ұйымның атқарушы хатшысы болып еңбек етіп келген Дәулет Кәрібектің кандидатурасын ұсынды. Орталық кеңес мүшелері бұл ұсынысты талқыға салып, нәтижесінде бірауыздан қолдау білдірді. Соған сәйкес Дәулет Кәрібек «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы болып сайланды.

- Дәулет Кәрібек 2017 жылдан бері «Jas Otan» жастар қанатының атқарушы хатшысы болып қызмет атқарып келеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, табандылығымен танылған ол жастар саясатына қатысты көптеген тың ұсыныстарымен де көзге түсті. Соның нәтижесінде «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі болып сайланды. Сондықтан Дәулет бұл қызметті нәтижелі атқарады деп сенемін, - деген Мәулен Әшімбаев «Jas Otan»-ның жаңа төрағасына алдағы қызметінде табыс тіледі.

Өз кезегінде Дәулет Кәрібек партия басшылығына білдірген сенім үшін ризашылығын жеткізіп, өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға уәде берді.

Отырыс соңында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары еліміздің алдында үлкен саяси науқан тұрғанына назар аударды.

- Алдымызда Президент сайлауы тұр. Елбасының тапсырмасымен партиямыздың бұл науқанға белсене қатысатыны белгілі. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ресми түрде тіркеді. Енді санаулы күндерден кейін үгіт-насихат жұмыстары басталады. Осындай ауқымды жұмыстарда жасотандықтардан белсенділік күтеміз, - деді Мәулен Әшімбаев.