Жұбайы ұсынған сурет
29 қарашада жоғалып кеткен 34 жастағы ер адамның денесі Талғар қаласына жақын маңда табылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел іздестіру іс-шаралары барысында 29 қарашада үйінен шығып кетіп, оралмаған, осылайша із-түзсіз жоғалған 1989 жылы туған Тимур Поповтың мәйіті табылған.
Құрылған жедел-іздестіру тобы шұғыл түрде Поповтың жүру бағытын анықтады: ол таксимен Талғар қаласына барған.
"Бүгін, 7 желтоқсанда сағат 11:00-де полиция қызметкерлері жоғалған азаматтың өзінің әйеліне телефон арқылы "SOS" дабылын жіберген жерден 1,5 шақырым жерде орналасқан "Талгарка" өзенінің арнасына тексеру жүргізді. Нәтижесінде жоғалған ер адамның денесі судан табылды", - делінген хабарламада.
Адам өлімінің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр.