Италия құрамасы футболдан 2022 жылғы Әлем чемпионатына берілетін жолдамадан құр қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
24 наурызда футболдан Әлем чемпионатының іріктеу сатысында еуропалық құрамалар өтпелі кезең ойындарын өткізген еді.
С тобындағы Италия құрамасы өз алаңында Солтүстік Македонияға 0:1 есебімен жол беріп қойды.
Енді Солтүстік Македония финалда Португалиямен шеберлік байқасады. Жеңген жағдайда дүбірлі додаға жолдама алуы мүмкін.
Еске салсақ, іріктеу сатысында өтпелі кезең ойындарында барлығы 12 құрама үш топқа бөлінген.
Әрбір топта жартылай финал және финалдық ойындар белгіленген.
Жартылай финалда жеңімпаз атанғандар финалда дүбірлі додаға берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салады.
Осылайша үш топтан жеңімпаздар Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады.
А тобында жартылай финалда Шотландия мен Украина, Уэльс пен Австрия кездесуі тиіс болатын.
Өз алаңында Уэльс Австрияны 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Украинадағы саяси жағдайға байланысты Шотландия мен Украина ойыны белгісіз мерзімге кейінге шегерілді.
Ал В тобында Ресей мен Польша, Швеция мен Чехия шеберлік байқасуы тиіс болатын. Швеция мен Чехия кездесуінде швециялықтар 1:0 есебімен басым түсіп, финалға шықты.
Украинадағы ахуалға байланысты Ресей аталған сайыстан шеттетілді. Польша бірден финалға жолдама алды.
Финал ойындары 29 наурызға белгіленген.