24 сәу, 2021 сағат 16:15

IT-компаниялардың кәсібінің болашағы қандай?



Еліміздегі ғана емес, әлемдегі халықты әбігерге салған коронавирус індеті талай кәсіптің тоқтап қалуына ықпал етсе, онлайн оқу, қашықтан жұмыс істеу барысында ІТ кәсіпкерлікті алға жылжытқаны белгілі. Бұған бірден бір дәлел - биылғы жылдың сәуір айында Astana Hub-тағы компанияларға тартылған инвестиция көлемі 15,3 млрд теңгеге жеткен, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

 

Бүгінгі таңда елімізде технопарктер мен инновациялық хабтар ашып, IT-кәсіпкерлікті дамытуға қаржы бөліне бастады. Атап айтқанда, Astana Hub халықаралық технопаркінде салықтық жеңілдік жасалған 449 IT-компания мен 775 стартап, 6 R&D зертханасы жұмыс істейді екен.

 

«Осыдан бес жыл бұрын ІТ саласы туралы аса айтыла бермейтін. Сұранысқа да осыншалықты ие емес еді. Бірақ қазіргі таңда ІТ компаниялар мен ІТ мамандарға деген сұраныс өте қатты артқан. Мәселен, менің өзім Алматы қаласындағы халықаралық ІТ университетін тамамдағалы қызу жұмыс істеудемін. Бір емес, бірнеше жерде қызмет етіп, қосымша ІТ кәсіпкерлікпен де айналысып келемін. Елдегі пандемия әсері барлық кәсіп саласына әсер еткенімен, біздің салаға оң ықпал етті деуге болады. Өйткені біздің салаға бөлініп жатқан инвестиция көлемі күн сайын артып отыр», - дейді ІТ маманы Шерхан Молдахмет.

 

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері ІТ-компаниялардың инвестиция көлемі 15,3 млрд теңге болған.

 

Сонымен қатар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бастамасымен ІT-компанияларды төмен пайызбен несиелендіру жұмыстары да жолға қойыла бастаған.

 

«ІТ компаниялар банктерден жылдық мөлшері 6% жеңілдікпен кредит алуға мүмкіндігі бар. Технопарктегі стартаптар мен IT-компаниялар КТС, ҚҚС, тауарлар импортына ҚҚС, роялти салығы, ЖТС және резидент еместер үшін әлеуметтік салықтан босатылған. Бұл IT-кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп отыр», - делінген «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры таратқан хабарламада.


Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, Astana Hub-тағы стартап жобалардың табысы 20 млрд теңгеге жеткен.

 

«Бұл – технопарктегі барлық IT-компанияның табысы. Мысалы, Apart X, Kid Security, Sagi, Oquda, Supermomsclub, Clockster сынды стартап жобалар бар. Оның ішінде Apart X жобасына Activat компаниясынан 2 миллион доллар инвестиция тартылған. Бұл жалға берілетін жылжымайтын мүлік иелеріне арналған мобильді қосымша болып саналады», - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

 

Осы орайда ІТ маманы Шерхан Молдахмет осы саланы дамыту үшін осы салада оқитын жастарға қолдау көрсету керегін, мамандарды арнайы даярлап, ІТ кәсіпке бейімдеу керегін де сөз етті.

 

«Баршаңызға белгілі ІТ маманы бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтардың бірі екені белгілі. Сондықтан көп жастардлың болашағы осы саламен байланысты болса деп ойлаймын. ІТ мамандықтарын оқытатын оқу орындарының санын арттырып, осы саланың білім жүйесіне де көңіл бөлінсе деген тілегім бар. Өйткені қазір мектеп жасындағы жас балалардың өзі қосымшалар мен бағдарламалар ойлап табудан алдарына жан салмай, қызығушылық танытып келеді», - деді ІТ маманы.

 

Естеріңізге сала кетейік, еліміздегі ғана емес, әлемдегі халықты әбігерге салған коронавирус індеті талай кәсіптің тоқтап қалуына ықпал етсе, онлайн оқу, қашықтан жұмыс істеу барысында ІТ кәсіпкерлікті алға жылжытқаны белгілі. Бұған бірден бір дәлел, биылғы жылдың сәуір айында  Astana Hub-тағы компанияларға тартылған  инвестиция көлемі 15,3 млрд теңгеге жеткен. Бүгінгі таңда елімізде технопарктер мен инновациялық хабтар ашып, IT-кәсіпкерлікті дамытуға қаржы бөліне бастады. Атап айтқанда, Astana Hub халықаралық технопаркінде салықтық жеңілдік жасалған 449 IT-компания мен 775 стартап, 6 R&D зертханасы жұмыс істейді екен.