26 шіл, 2020 сағат 14:17

Ислам Қабулұлы. "Қиялымызда қалқыған болмысты ұмыттық жоқтауды..."

Ислам Абдирахманов Қабулұлы 1999 жылы, тамыздың 15-і күні Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық кентінде дүниеге келген. Бірнеше облыстық, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы. Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген «Жастар жалыны» жыр байқауының гран-при иегері.

«Сыралғы» атты жыр жинағының авторы. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия Гуманитарлық институты филология факультетінің «қазақ тілі және әдебиеті» бөлімінде білім алуда.

"Ұлт порталы" жас ақынның бір топ өлеңін ерекше ықыласпен оқырман назарына ұсынып отыр. Ендеше, мархабат! Оқи отырыңыз!


 

5:40

(Nur-Sultan. Балкон. Сәт. Қараша)

Бейкүнә пенде боз ала таңнан мысқал күнә табуға жанталасатыны неліктен? Түпсанадағы Тәңірін жоғалтып алған жезөкшедей өмірдің «алдамшы иллюзиясына» арбалған құлқын сәрідегі қарбалас - жер бетін алып жындыханадай елестетеді...

Құндылықтарымыздың ішіндегі ала шарбақ қирап,

Іргесіндегі таңғажайып дицентра тапталды.

Қиялымызда қалқыған болмысты

ұмыттық жоқтауды.

 

Ауыздық көрмеген албаты бұлқынысымыздың,

Ұждан алдындағы дәуірлік сілкінісіміздің,

Түнекті тастай қашқан ұмтылысымыздың,

сағымға сауылды бәрі.

 

Ауасыз бос кеңістікті кезіп,

Ресми түзілу формуласын іздеймін ізгі сезімдерімнің.

 

қабағы ісіңкі шамдардың астында,

жүрегі лоблыған асфальттың үстінде,

алқына деміккен айнаның алдында,

Көзімнен....

Бейкүнә көзіңнен безіндім!

 

Жесір үмітімді арқалап,

Киелі кітаптай күрсініп,

Қауымды қарғыстан қалқалап,

Қараңғылық құшағында торығып,

тауларға арқа сүйедім.

 

Еріксіз туу мен өлудің арасындағы

Азаттығыма сүйсініп,

Мәпелеп,

Қастерлеп,

жас кернеп - қараймын, дәрменсіз.

 

Өнер ожданы.

(artistic consciense)

Суық сарай. Экран.

Әлем-жәлем жарнама.

Сынық қанат - Театр.

Уа, рояль сарнама!

Титықтаған Оркестр -

Басталды ма, Драма?

Бейшаралар тобыры,

Сахнаға шығады, ә?

 

Картиналар тым күңгірт,

Құс шоқақтап секірген

Актриса - ажарсыз.

Кенеуі әбден кетілген,

Жалықтырған сценарий,

Режиссер - кем талант,

Мекіреніп кекірген.

 

Примадонна - тәлпіштеу,

рөлін нашар сомдады,

қалт-құлт еткен әртістер,

түкке алғысыз бірдеңе,

Қоятыны о несі?

Жетпейді ме өресі?

(болмысымды қорлады)

 

Гриммдері ғажайып,

қатырған-ды о жағын.

Танауыма тығылды,

Күлімсі иісі ложаның.

Қойылымға құсқым кеп,

әрең шыдап отырмын.

Көздеріммен кереңмін.

Құлағыммен соқырмын.

 

Мәресіне жақындап,

қалды міне, Драма.

көрермендер көңілсіз,

қол соғуға тұрады,ә?

 

Pan-determenism 

Қаракөлеңке мезгілде…

Үйді іргелей инемен тепшіп шыққан

сұрғылт жолақ жатыр;

Шатырдан сорғалаған шық тамшылары - 

бейне бір жоқтан ыршып шыққан сәуледей

немесе физикалық секірістердің нәтижесі.

 

Буржуазиялық ұстанымдағы қала тынысы;

Тежеуіштер сырылы мен автомобильдер дыбысы –

Құлағын сарсытқан тамшы - су ағар бойымен,

Өте баяу сырғыды...

 

Дімкәс жүрегін – қоңылтақсу сезімі кернеп,

қанша аязды аңсасын,

қанша буға айналсын,

қайталамағы бір тағдыр екеніне көндікті.

 

Бойкүйездіктен арылып, шапшаң сырғи жөнелді,

Жан азабы сіңіп қалған қабырғаны жорғалай,

қапас сыртындағы әлемге төнгісі келіп,

қапас сыртындағы әлемді көргісі келіп…

  

Wein,weiber and Gesand 

(Шарап әйел және жыр)

Сыңғыр күлкің сәуегейдің түсіндегі Әз-әзіл!

Сәулесімен жанымның қалтарысын үңгиді,

Бұлтсыз, жасыл-көгілдір аспанға оқып аза-жыр,

Шашсын нұрын - шаттыққа шырпы тигіз, шырағым.

Ескі шегін ауыстыр, гитараңның құлағын -

Күйін келтір басқа ғып, қарсы келсін, кім, мейлі...

 

Мәртебелі музыка жүрегімді тербейді,

Махабб-а-ат па? Махаббат - бәтуәсіз сандырақ,

Сұлулыққа серт беріп, сөгітілгім келмейді,

Бұтақтармен тұманды сейілтуім заңды ма?

Оң жағасы өзеннің көздің жасын бір сығып,

Сол жағасы өзеннің тақсіретіне тұншығып,

Жел ақтарған құмдақта алтын шағыл демігіп,

Жағасында ойлардың шер-көбігім төгіліп,

Ышқынысым төлдейді, ышқынысым төлдейді...

 

Отқа тисе еритін балауыз шам тәрізді,

Саған тарту етер ем - істерімді күллі ізгі,

Саған оқып берер ем - сансыз сага, бәдізді,

Саған сыйға тартар ем - жұпары әсем гүлдерді,

Бұлақтардың сылдырын - қияр едім, жолыңда.

Құрақтардың сыбдырын - қияр едім, нәзі-і-гім.

Тартып алып тағдырдың уысынан бақытты,

Сүю ме еді - азабым, қию ма еді жазығым?

 

Мәнге ұмтылу.

(The will to meaning) 

Провинцияның сықпыты жүдеу тартқан қалың қуысында -

қотыр ит кештім, тағдыр көрген.

Көңілсіздеу көздеріндегі сұр кеңістіктің көлеңкесіне

"Жұмақ құсын" қондырып, қарайды маған.

Соңғы демі үзілгенше "рақымшылық иллюзиясына" үміт артады, бейбақ.

Бейбақ, бейбақ, бейбақ!

 

Қабаржыған сала гөрме қабағыңның қиығын.

Аңылжыған жан-дүниеңе төге алмаймын мейірім.

Маған түбі: "Көк ит жеңсін, көп ит жеңсін бәрібір"

Жұмсармайды жұмырым, салбырамас иінім!

 

құлағыңның түбінен саңқылдап шыққан беймаза дауысқа құлақ түр:

Қорлану үшін туғансың,

Туғансың қорлану үшін.

Кешірші, сондағым үшін.

Кешірші, тордағы құсым!..

 

Аңсау 

Көктем исі аңқыған гүл шоғындай,

Кең дүние көркем еді, бала кезде,

Көңіл қалып күмәннің құрсауында,

Күдік жеңіп телмірдім қара көзге. 

 

Қара көз. Қара нүкте. Қара көрім.

Тұтқыны жердегі өмір - абақтының,

Темір тордың есігін қағады өлім -

Деміңнен үзілгенде сағат тілі. 

 

Жан қамалған - тәнімнің түрмесіне,

Мұң қамалған - көзімнің мүрдесіне,

Жын ба қонған қанымның жүлгесіне?

Нәпсікеш ой айналды күндесіме. 

 

Аятсызға ауа ма Хақ назары?

Елегізіп ессіздің кештім кейпін.

Бұ базар - азған жұрттың ақ базары,

"ардың аты - Адалдық" деп білмейтін. 

 

Қара көзге үңілдім жорта күліп,

Сезімімді кетті ме ол қарғысқа орап?

Мезгіл құрғыр қалды ма қаңтарылып?

Жазмыш па жемтір-жемтір сарғыш парақ?