Фото: Polisia.kz
Талдықорғанда болған резонанстық оқиғаға байланысты Ішкі істер министрі Ержан Саденов ІІМ орталық аппараты қызмет басшыларынан құралған арнайы топпен Жетісу облысына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомство басшысы өзінің сапары аясында өңір полициясының жеке құрамымен және ІІО ардагерлерімен кездесу өткізді. Отырысқа облыс әкімі Бейбіт Исабаев та қатысты.
"Ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғайтын полиция қызметкері үшін заң мен тәртіп бірінші орында болуы керек. Құқыққа қайшы келген азаматтар мен полицейлердің заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылуы тиіс. Заң бәріне ортақ", – деп атап өтті Ержан Саденов.
Кездесуде ІІМ басшысы Жетісу облысының полиция басшыларына қатысты қабылданған шешімді айтты.
Осылайша, облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов қызметінен босатылды. Ал оның бірінші орынбасары Жасұлан Байкеновке қызметтік сәйкестіктің толық еместігі туралы ескертілді.
Сондай-ақ облыстық департамент бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Талант Жұмабек пен тергеу бойынша орынбасары Мақсат Ережепов те өз қызметтерінен босатылды.
Жетісу облысы ПД бастығының міндетін енді полиция генерал-майор Арман Саданов атқаратын болады. Бұған дейін ол ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментін басқарған.