Елорда әкімі Әсет Исекешев "Жаннұр" сауда үйі маңында батутты жел ұшырып әкету салдарынан зардап шеккен балалардың жағдайын білу үшін қалалық №2 балалар ауруханасына барды, деп хабарлайды әкімнің ресми сайты.
Балалардың ата-анасымен әңгімелескен Әсет Исекешев қала билігі, ІІД мен ТЖД оқиғаны өз бақылауына алғанын атап өтті.
Қала басшысы кінәлілердің жазаға тартылатындығын да мәлімдеді.
Еске сала кетсек, оқыс оқиға кеше, 4 мамыр күні сауда үйінің маңында болған еді. Балалар ойнап жатқан кезде, батутты қатты жел ұшырып әкеткен еді. Бес бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.
Астана әкімдігінің өтінішімен балаларды үздік мамандар ("Нейрохирургия ғылыми орталығы" АҚ төрағасы Серік Ақшұлақов пен Травмотология және ортопедия ҒЗИ директоры Нұрлан Батпенов), сондай-ақ Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының дәрігерлері қарап жатыр.
Елорда полицейлері ҚР ҚК 306-бабы 2 тармағына (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету) сәйкес сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті.
Айта кетейік, 3 мамырда төтенше жағдайлар департаменті желдің күшейетіні туралы хабарландыру таратқан болатын.
Батут орнатылған алаң жоғарыда аталған сауда үйіне тиесілі.
Елорда әкімдігі қаланың сауда және ойын-сауық орталықтарының алаңына аттракциондарды орнатуға рұқсаттама бермейді.
Кәсіпкерлік субъектілері шаруашылықты жүргізетін екі субъектінің арасындағы жалға алу жөніндегі келісімшарттың негізінде ғана батуттарды СОСО және сауда орталықтарының алаңдарына орналастырады.
Бұл тұста заңды тұлға, яғни сауда орталығы иесінің жарғысымен нысан жанындағы алаңды жалға беру тетігі де қарастырылуы қажет.
Айта кетсек, қазіргі таңда бизнес қызметіне араласу шектеліп отыр. Дегенмен, кәсіпкерлік субъектілері (СОСО, қоғамдық тамақтану орындары және т.б) келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барынша назар аударуы тиіс.