Елорда әкімі Әсет Исекешев астаналықтар мен қала қонақтарына ауа райының бұзылуына байланысты үйден шықпауға кеңес берді. Шаһар басшысы бұл туралы өзінің Фейсбук парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Құрметті астаналықтар мен қала қонақтары! Ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдайлардың алдын-алу мақсатында көшеде барынша абай болуды сұраймыз. Аса қажеттілік болмаса, мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес береміз. Бұрқасын жел болған жағдайда далада қалған болсаңыз, қауіпсіздік шараларын сақтауларыңыз қажет», - деп жазады Әсет Исекешев.
Қала әкімі өзінің жазбасында құрылыс алаңдарынан аулақ жүріп, жарнама ілінген тақталардан сақтанып, электр сымдары мен ағаштардан айналып өту керектігін атап өтті.
«Төтенше жағдайлар департаменті кез келген жағдайда 112 нөміріне хабарласуды сұрайды. Дәл қазір қаладағы барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде», - делінген қала әкімінің жазбасында.
Еске сала кетсек, кеше Қазгидрометке сілтеме жасаған қала әкімінің сайтында хабарланғанындай, Астанада қар бұрқасыны 3 күнге созылады. 11 қаңтарға арналған болжам бойынша көшпелі бұлт жүріп, қар жауады, боран соғып, көктайғақ болады.
Синоптиктердің болжауына қарағанда, 12 қаңтар күні бұрқасынның беті қайта бастайды. Батыстан, солтүстік-батыстан секундына 9-14 метрлік жел соғып, түнде ауа температурасы -11... -13 градусқа дейін төмендейді.