26 шіл, 2016 сағат 21:23

Исекешев астаналықтар мен қала қонақтарынан кешірім сұрады

Астана қаласының су жаңа әкімі толассыз жауған жаңбырдан соң жол бойында һәм көшелерде туындаған қолайсыздықтар үшін әкімдік атынан кешірім сұрап, алдағы уақытта мұндай жағдайдың қайталанбауын алдын алатын жұмыстар атқарылып жатқанын растады. Әсет Өрентайұлының әлеуметтік желіде жариялаған мәлімдемесінде өз ойын былайша тарқатқан:

«Құрметті астаналықтар мен қала қонақтары!

Нөсер жаңбырдың толастамауы салдарынан қала жолдарында туындаған қолайсыздықтар үшін əкімдік атынан кешірім сұраймын. Елорданың қарыштап дамуы қаланың суағар кəріз жүйелерінің құрылыс қарқынынан ілгері келе жатқаны нөсерлі күндері басты проблемаға айналып отыр.

Қазгидрометтің хабарлауынша соңғы нөсерлі жаңбыр күндері жаңбырдың бір айлық мөлшері жауған екен. Бүгінгі таңда əкімдік қалыптасқан жағдайды тез арада ретке келтіру үшін барлық шараларды қолдануда. Қолда бар барлық 107 дана арнайы техника жұмылдырылып, су басқан аудандарда тəулік бойы су сорып жатыр. Соңғы күндері ғана қосымша сусорғылармен 100 мың т.м. су сорылды, тазартқыш ғимараттар арқылы 150 т.м. су өтті. Біздің коммуналдық қызметтер 300 км-ге жуық коллекторды босату үшін енді бір тəулік керек.

Жолдардың уақытша жабылуы сияқты қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Əкімдік өз тарапынан нөсер кездерінде жолдардағы жағдай туралы бірінші кезекте ресми дереккөздер — сайт, əлеуметтік желілердегі ресми аккаунттар, радио хабарлау, сондай-ақ ТЖ департаментінің байланыс құралдары арқылы мейлінше ақпараттандыруды қолға алады.

Былтыр нөсер кәрізінің қызметіне байланысты мәселелерді шешудің жаңа жолдары әзірленді. Нақтырақ айтқанда, №31 көшеде су тазарту құрылыстарын салу бойынша жобалар іске асырылды, Мыңжылдықта су тазарту құрылыстары іске қосылды, сондай-ақ, Иманов көшесіндегі сорғылардың қуаттылығы ұлғайтылды.

Үстіміздегі жылы Омаров – Отырар көшелерінің қиылысындағы коллектор қалпына келтірілді, тамыздың соңына дейін Тұран даңғылы мен №27 көшенің қиылысындағы су тазарту құрылыстары салынып бітеді. Мұнымен қоса, биыл Кіші Талдыкөлден Есіл өзеніне су жіберетін коллектор мен Сауран көшесіндегі Рысқұлов көшесінен №31 көшеге дейінгі нөсер кәрізі коллекторын, сондай-ақ, Сейфуллин көшесіндегі ПМК-86 су тазарту құрылыстарын салу аяқталады, Тұран даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысындағы су тазарту құрылыстарын қайта жөндеу қолға алынды. Қазіргі кезде Бейсеков көшесі мен Қорғалжын тасжолының қиылысындағы, логистикалық орталық ауданы мен Пригородный кентіндегі су тазарту құрылыстарын салу жұмыстары жалғасуда. Үшқоңыр көшесінде құрылыс жұмыстары басталады. Тиісті жұмыстар қатты жаңбыр жауғанда қаладағы жағдайды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Бүгінде мәселені жүйелі түрде тұтастай қала бойынша шешу үшін халықаралық институттармен, инженерлермен және эксперттік топтармен бірлесіп нөсер кәрізі жүйелерін одан әрі дамыту бағдарламасымен жұмыс істеп жатырмыз. Тиісті жұмыстардың нәтижелерін міндетті түрде күзге қарай қалалық қоғамдық кеңестің талқылауына ұсынатын боламыз…»