03 қаз, 2018 сағат 17:33

Іріңді менингит: Маңғыстау облысындағы сарбазға диагноз қойылды

Еліміздің бас санитар дəрігері Жандарбек Бекшин Маңғыстау облысындағы сарбаздан менигококк инфекциясы анықталмағанын айтты. Дегенмен, оның диагнозы іріңді менингит болып шықты. Қазір сарбаз ауыр халде жатыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

"Қазір бізде менигококк инфекциясы бойынша жағдай тұрақты деп айтуға болады. 30-шы тамыздан бастап тек қана бір жағдай тіркелді. Ол Ақтөбе облысында орын алды. Өкінішке қарай, науқас қайтыс болды", - деді Бекшин.

Оның айтуынша, жыл басынан бері елімізде 83 жағдай тіркеліп, 15-і өліммен аяқталған.

"Маңғыстау облысында сарбаз ауырып, 3-4 күн əскери бөлімде емделген. Ол ауыр халде жатыр. Талдау нәтижесінде менигококк инфекциясының қоздырғышы анықталған жоқ. Оның диагнозы - стрептококтан туындаған іріңді менингит. Іріңді менингит өлімге əкелуі мүмкін. Бірақ, оның менигококк инфекциясына қарағанда қоршаған ортаға қаупі төмендеу. Яғни, ол ауа арқылы тарамайды. Науқаспен байланыста болған барлық сарбаздар тексерілді, олардан инфекция анықталған жоқ", - деді Жандарбек Бекшин.

Еске салсақ, 21 жастағы сарбаз 30-шы қыркүйек күні Ақтау қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына менигококк инфекциясына күдікпен түскен еді.