22 ақп, 2019 сағат 14:46

Ипотекасы бар азаматтарға қандай салықтық жеңілдіктер жасалады?

Қазақстанда ипотекалық несие алған азаматтарға бірқатар салықтық жеңілдіктер бар, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-нан ипотекалық несие алған жеке тұлға сыйақылар бойынша салықтық шегерім қолдануына құқығы бар.

Сыйақылар бойынша салықтық шегерімді салық агенті (жұмыс беруші) қолданатындықтан, жеке тұлғалар бұл жеңілдікті қолдану үшін салық агентіне (жұмыс берушіге) келесі құжаттарды ұсынуы қажет:

1) жеке тұлғаның салықтық шегерімдерді қолдану туралы өтініші;

2) растайтын құжаттардың көшірмелері.

Растайтын құжаттарға мыналар жатады:

1) Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен жасалған ипотекалық тұрғын үй қарызының шарты;

2) сыйақы сомалары бөліп көрсетілген ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесі;

3) осындай қарыз бойынша сыйақының өтелгенін растайтын құжат (түбіртек).

Бұл құжаттардың көшірмелері бес жыл бойы салық агентінде сақталады. Жеке тұлғаның осы салықтық шегерімін тек бір салық агентінде қолдануға құқығы бар екенін ескерген жөн.

Сыйақылар бойынша салықтық шегерімді жеке тұлға өз пайдасына жұмсалған, Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге тұрғын үй құрылысы жинақ банктерінен алынған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны төлеуге арналған шығыстар бойынша қолданады.

Жеке тұлғалар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап басқа банктер мен жекелеген банктік операцияларын жүзеге асыратын ұйымдардан алынған ипотекалық тұрғын үй қарыздарының сыйақылары бойынша салықтық шегерімді қолдану құқығына ие болады.