13 жел, 2018 сағат 09:12

Инклюзивті білім беру: мектеп пен колледждерде

Қазақстан 2008 жылы Халықаралық мүгедектігі бар адамдардың кұқығын қорғау жөніндегі конвенцияның қатысушысы болды. Инклюзивті білім беру бұл құжаттың міндетті бөлімінің бірі болатын. Инклюзивті білім беру ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Мүмкіндігі шектеулі тіркесінің мағынасы тым жалпақ. Сондықтан мамандар денсаулығында қандай да бір кінәраті бар адамды «мүгедекті бар тұлға» деген жөн дейді. Біз де осы тіркесті қолданайық. Мектептерде инклюзивті оқытудың енгеніне көп бола қойған жоқ. Ал қазір колледждерде мүгедекті бар мыңдаған жас білім алып жатыр.

   Инклюзвті білім беру мектеп үшін тиімді

Мемлекет мүгедектігі бар балалардың жалпы білім беретін мектептерде оқытылуын үнемі еске салып отырады. Сол үшін де мектепке жағдай жасайды. Инклюзиясы бар бір бала үш балаға теңестіріледі. Егер сыныпта мүгедектігі бар бір бала бар болса, онда сынып 21 бала ғана оқыса да кіші топтарға бөлінеді. Бұл мемлекетке шығын. Қалай дейсіз ғой? Бір мұғалімге сабақ өткен сағаты үшін айлық төлеудің орнына, енді кіші топқа бөлінгендіктен төлейтін жалақы екі, кейде үш есеге өседі. Демек дамуында тежеу бар балаларды оқыту мектеп үшін тиімді. Бұл норма заңмен бектілген. Қазақстандағы әр баланың Конституцияға сәйкес тегін орта білім алуға құқы бар. Еліміздегі 34 мектепте жан басына қаржы аудару эксперименті бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Мектепте оқитын әр бала үшін мемлекеттен жылына бастауыш сыныпқа 260 мың теңгедей келсе, жоғары сыныптар үшін 500 мыңға дейінгі қаржы келеді. Егер бала басқа мектепке ауысса, демек қаржы да сол мектепке ауысады.

  Ал жалпы білім беретін мектептегі балалар мүгедектігі бар балаларға қалай қарайды? Ол баланы мазақтап, намысына тие ме? Бұл сұраққа Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова былай жауап берген еді:

– Мен мектепте мұғалім, кейін директорлық қызметтерде істедім. Осыдан он жыл бұрын 5-сыныпта мүгедектігі бар қыз оқыды. Анасы күн сайын мектепке әкеліп, бір сыныптан екінші сыныпқа көтеріп алып жүретін. Ол кезде мектепте арбамен жүру мүмкін емес болатын. Барлық жерде баспалдақ бар. Мектепте дамуында тежеуі бар балаларға жағдай мүлде жасалмаған. Қызы сабақ оқып отырғанда анасы оны ұялтпау үшін кластың сыртында күтіп отыратын. Бір күні қызының қабырға жағалап кетіп бара жатқанын көрдім. Ал сыныптастары оның қолынан ұстап, оны сүйеп келе жатты. Тағы бір мысал айтайын. Мектебімізге жаңадан ер мұғалім келді. Өзі жап-жас. Оның қолы мен аяғының білесізіктеріне дейінгі жердің орнына қысқыш болатын. Балалардың мұғалімге деген қарым-қатынасы қалай болар екен деп қорыққан едім. Бірақ балалар оны жақсы қабылдады. Қол беріп амандасатын болыпты. Өйткені ол өте жақсы мұғалім болатын. Ол екі ай ішінде қазақша мен орысшаны үйреніп алды. Оның балалармен тату болатыны соншалық, олар оның ерекшелігін тіпті көзге ілмейтін. Өзге балалар ерекше балаларға қатал болады дегеннің барлығын үлкендер шығарып алған. Бәрі балаларымызды қалай тәрбиелеп, не нәрсеге бағыттайтынымызға байланысты.

2 526 мүгедектігі бар бала колледждерде білім алады

Елімізде 29 Техникалық және кәсіптік білім беру саласында мүгедектігі бар 2 526 бала оқиды. Оның ішінде 1 741 студенттің бала кезден дамуында шектеу болса, 725-і бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар білімгерлер. Республикада 824 колледж болса, оның 30%-ында ерекше білім беруді қажет ететін студенттер үшін арнайы жағдай жасалған. Кедергісіз қозғалысқа қолжетімділік деңгейі жоғары. Бұл көрсеткіш 2022 жылға дейін 40%-ға жетуі тиіс. Өкінішке қарай, инклюзивті білім беру деңгейі әлі толық қанағаттандырмайды. Бірақ бастысы бұл саланың елге керек екенін мемлекеттік деңгейде бәрі түсінеді әрі нәтижелі жұмыстар атқарылуда.

Колледждерге түсудің кедергісіз принципі туралы айтатын болсақ, онда арнайы мектептердің түлектеріне сертификат емес, қалыпты ақыл-ой қабілеті төмен адамдар үшін білім туралы куәлік бере бастады. Сондай-ақ бұл санаттағы студенттер үшін 2018-2019 оқу жылында «Кәсіпқор» холдингінің әдістемелік ұсынымдары негізінде 2017 жылы әзірленген арнайы оқу бағдарламасын сынақтан өткізу жүзеге асырылады.

Білімге теңдей қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін Техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтары мен біліктілігінің классификаторы 68 мамандық бойынша оқытады. «Кәсіпкер» холдингі әзірлеп жатқан бағдарламада дамуында тежеуі бар адамдардың ауру деңгейіне қарай 20 мамандық бойынша жұмысқа қабілетті қалыптастырады. Жаңа бағдарлама бойынша студенттер 1 жыл 10 ай оқиды. Инклюзивті білім беру бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған курстар да ұйымдастырылған. Сондай-ақ бүгінгі күні арнайы білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудың мұғалімдеріне жан басына шаққандағы қосымша ақы төлеу қарастырылған.

Қазіргі таңда инклюзивті білі беру саласына мемлекеттен бөлек Үкіметтік емес ұйымдар да баса назар аударып жатыр. Демек азаматтық қоғам мүгедектігі бар адамдарға бей-жай қарамайды. 2017 жылы Білім және ғылым министрлігі мен Synergy қорының бастамасымен Қазақстан халықаралық Abilympics (Абилимпикс) пен DeafSkills қозғалысына қосылды. DeafSkills – есту қабілеті нашар адамдар арасында кәсіби дағдыларды дамыту бойынша халықаралық жарыстардың қозғалысы. Соған сәйкес мүгедектігі бар жігіттер мен қыздар қатысқан алғашқы чемпионат ұйымдастырылды. Ал биыл сайыс 3-6 желтоқсан арасында өтті.

Инклюзивті білім беруді дамытуда материалды-техникалық базадан бөлек, қоғамның дайындығы да маңызды. Педагогтарды дайындықтан өткізуден бөлек, өзге балалар мен ата-аналардың төзімділік пен түсіністік танытуы керек.