Денсаулық сақтау министрлігі менингококк инфекциясының белсенділігі қашан түсетінін айта алмайды. Бұл туралы ведомство басшысы Елжан Біртанов үкімет отырысының үзілісінде айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Денсаулық сақтау министрлігі бірінші кезекте медициналық көмектің сапа стандарттарына жауап береді. Біз вирус инфекцияларының сипатын реттей алмаймыз, себебі бұл бактериялық вирустардың таралуы, инфекция белсенділігі түседі не артады деп айта алмаймын. (...) Даурығудың қажеті жоқ. Алматыдағы және Қазақстандағы ауру жұқтыру деңгейі соңғы 20 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Өскен жылдары да, төмендеген жылдары да бар, бірақ ешкім кепіл бере алмайды", - деді Біртанов журналистердің сұрағына жауап беріп.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Алматы облысында медициналық кадрлардың санын арттыруға шара жүргізіліп жатыр, ал менингитті емдеуге қажетті барлық дәрі-дәрмек жеткілікті көлемде бар.
"Шараларды қабылдаудың механизмі бар - індетке қарсы шаралар, бұл шаралар індеттің таралмауына бағытталған. Екіншісі - осы мақсатта алдын алу шаралары. Барлық аумақта аудандық деңгейде жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның ішінде халық көп жиналатын орындарда, жеке гигиенаны сақтау талаптары, медициналық көмекке өз уақытында жүгіну шаралары. Біз бұл жұмыста медициналық ұйымдарда жалғастырамыз, сондай-ақ, бұл шаралардың дұрыс орындалуын бақылауда ұстаймыз", - деді министр.