01 жел, 2025 сағат 11:21

Индонезиядағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 442-ге жетті

Фото: AP

Индонезияның Суматра аралында болған су тасқыны мен көшкін салдарынан қаза тапқандар саны 442-ге жетті. Жексенбі таңында бұл көрсеткіш 300 адам деп хабарланған еді, деп хабарлайды Ult.kz.

Апат аймағында эвакуация әлі жалғасып жатыр. Негізгі жолдар жабық, ал интернет пен электр жарығы тек жартылай қалпына келтірілген.

Тропикалық «Сеньяр» циклоны мен күшейген муссон жаңбырлары Индонезия ғана емес, Оңтүстік-Шығыс Азияның бірнеше елін шарпыды. Таиландта 170 адам, Шри-Ланкада 160-тан астам тұрғын қаза тауып, Малайзия мен Вьетнам да үлкен залал көрді.

Индонезияның Ачех провинциясының тұрғындары су деңгейінің бірнеше секундта үйлерге жетіп, бәрін шайып кеткенін айтады. Мыңдаған баспана қирап, жүздеген адам әлі қауіпті аймақта қалып отыр.

Тапанули өңірінде тұрғындар азық-түлік тапшылығы күшейген соң дүкендерді тонауға мәжбүр болғаны хабарланды. Халық Суматраны ұлттық апат аймағы ретінде жариялауды талап етуде.

Аймақта құтқару жұмыстары қиындап тұр: ауа райы нашар, инфрақұрылым бүлінген. Дегенмен ондаған мың адам эвакуацияланған, халықаралық көмек те келе бастады.

Ауа райы мамандары экстремалды құбылыстардың жиілеуін климаттың өзгеруімен байланыстырады.