- Илья Ильиннің ағзасына тыйым салынған препараттар споршыларға арналған тағамдардан және тағам қоспаларынан түсуі мүмкін. Мұндай пікірді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сіздерді Илья Ильин барынша толғандырып отыр. Бірақ, бізде допингтен зардап шеккен спортшылар көп. Олар допингтің болғандығын айтқан емес. Өздеріңіз де білетіндей, 2008 жылы көптеген спортшы зардап шекті. Сол жылы сынама тапсырғаннан кейін біздің спортшылар таза болған еді. Лондонда да тапсырған сынамалары таза болды. Бірақ, 2013 жылы қандағы, спортшының ағзасындағы тыйым салынған препараттарды анықтаудың жаңа әдістемесі шықты. Өкінішке орай, қалай түскенін білмеймін. Дегенмен, споршыларға арналған тағамдар мен тағам қоспаларына күдігім бар. Сол уақытта анықтай алмаған еді. Алайда, жаңа технология, зерттеудің жаңа әдістемесі бұл препараттардың спортшыларда бар екендігін көрсетіп отыр», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар ол мұндай жайт барлығына ауыр соққы болып тигенін де жасырмады.
«Мен оның Бейжіңдегі өнерін тамашаладым, олимпиадалық рекорд жасағанын Лондонға барып көрдім. Адам ретінде, спортқа жауапты министрліктің қызметкері ретінде өте ауыр. Министр Мұхамедиұлына да ауыр соққы болып отыр», - деді вице-министр.