12 ақп, 2025 сағат 18:10

«Илегеніміз бір терінің пұшпағы ғой...» ‒ Мақсат Жақау қосымша құн салығы туралы


Фото: Мақсат Жақаудың facebook парақшасынан
Саясаттанушы Мақсат Жақау мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қосымша құн салығы туралы айтқан сөзін мысалға келтіріп, пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.

«Бүгін отандық кәсіпкерлермен кездескен Президент Қ.Тоқаев қосымша құн салығын, яғни НДС-ты көтереміз дегендерге шүйлікті. 20 пайыздық құн салығы ел экономикасына зиян екенін жетесіне жеткізгендей...
    Нақтырақ айтсақ, 20 пайыз НДС-тің қандай зардабы болады?
Біріншіден, экономикаға шектен тыс салмақ. Тауарлар мен қызмет қымбаттамақ, халықтың сатып алу қабілеті төмендемек. Бұл нақты әлеуметтік күйзеліске себеп.
    Екіншіден, НДС-тің өсуі табысты жасыратын кәсіпкерлердің көбеюіне әкелмек. Көлеңкелі экономика шарықтайды. Бюджетті осылай қампайтамыз деп, жиналатын салық мөлшері азаяды, жемқорлық көбеймек. Бұны түсіну үшін, экономист болудың қажеті жоқ. Бұнда, Қасым-Жомарт Кемелұлының 20 пайыз көп деуінің себебі осы. Артық қылып, тыртық қылмаудың қамы...
    Сондықтан, Үкіметке салық төлемінің балама жолын қарастырған жөн. Тұрмысқа керек тауар мен қызметті қосылған құн салығынан босатса, ал қымбат, «роскошный» тауар мен қызметке құн салығын көбейтсе, әлеуметтік әділеттілік болар еді. 
    Президент айтты, бітті. НДС 20 пайызға өспейтін болды. Енді, жаңа ұсыныстарды күтейік, тек осы жолы практик кәсіпкерлерді, маман-сарапшыларды тартып, ортақ шешімді Үкімет бірге жасар деп үміттенеміз. Илегеніміз бір терінің пұшпағы ғой...», ‒ деді Мақсат Жақау facebook парақшасында жазған жазбасында.