13 ақп, 2025 сағат 15:52

ІІМ бейнекамераға түсіп қалған құқық бұзушыларды көрсетті

Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі қоршаған ортаны ластаған құқық бұзушыларды бейнекамералар арқылы анықтап, жазалау жұмыстарын күшейтуде. Қоғамдық орындарды ластау әрекеттерінен бастап заңсыз қоқыс тастағанға дейінгі экологиялық құқық бұзушылықтарды тіркеу бойынша заманауи технологиялар өз тиімділігін көрсетіп отыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Мысалы, Ақтөбеде 20 жастағы жігіт көпқабатты үйдің баспалдақ алаңына түкіргені үшін бейнекамера арқылы анықталып, айыппұл төледі. Павлодарда көшеде темекі қалдығын тастаған ер адам да камераға түсіп қалып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы бір оқиғада екі тұрғын қоқыс жәшігінің жанында тұрып, темекі тұқылын жолға лақтырғаны үшін ұсақ бұзақылық бойынша жазаланды.

2025 жылдың басынан бері осы бағытта 54 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Статистика бойынша, 2023 жылы республика көлемінде 1,3 миллион бейнекамера жұмыс істеген болса, оның 275 мыңы полицияның жедел басқару орталықтарына қосылған. Ал 2024 жылы камера саны 1,5 миллионға дейін өсті, оның ішінде 340 мыңы құқық қорғау органдарына шығарылған.

Бейнекамералар құқық бұзушылықтарды жедел анықтап, дәлел жинауға, сондай-ақ қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ішкі істер министрлігі қоғамда "Заң мен Тәртіп" қағидатын нығайту мақсатында "Таза Қазақстан" акциясы аясында жұмысты белсенді түрде жалғастыруда.