04 там, 2016 сағат 12:01

Иесі - ит, үйі - ар базары: бұл не сұмдық!


Естігенін, көргенін жаза беретін «Нур.кз» сайтынан: «Казахстанские студентки платят за съемные квартиры интимом с хозяевами» атты тақырыптағы бір мақалаға көзім түсті. Бұл не сұмдық! 

Мақалада көрсетілгендей, бұл қадамға көбінесе студент қыздар барады-мыс. Себебі, жатақхана ала алмай баспанаға тұрақтығысы келген қыздың амалы жалдап тұратын пәтер. Ал оның айлық төлемі де әкесінің құнын сұрап тұр. Ақшасы жоқ қара көздердің тамырын басқан үй иесі интимді қатынасқа түсуге шақыратын көрінеді. Барып тұрған арсыздық! Жан азабынан құтылсам болды, тән азабы өтер деген болса керек, әйтеу тұратын жерін қамдаған, ыңғайын тапқан қыз келісім де береді екен. Бұл Ресейде ашық түрдегі қоғамдық дүниеге айналып кеткен. Өкініштісі біздің елде де бар. Атап айтқанда: Алматы, Астана, Қарағанды, Атырау, Ақтау қалаларында осындай жағдайлар тіркелген. Ақыры тас қала қайда болмасын тас жүректігін істеп тынды. 

Мақалада Алия есімді қыздың аты жүр. Аты – қазақ. Алиямыз Алматы қаласында маклер болып жұмыс жасайды екен. Оның айтуынша, 10 жылдан бері осылай пәтерін беріп келе жатқан түрі жоқ, семіз болса да көңілді көтере алатын қылығы мен қаланың ортасында үйі бар бір мес қарын клиенті де бар-мыс. 

«Риэлтор не считает свои услуги некоей разновидностью сводничества. Агентство зарегистрировано официально, налоги платят исправно. В объявлении указана цена за жилье, а личная жизнь арендодателя и его квартирантки маклеров не касается». 

Сонда «бастысы елге салық төлеп отырмыз, біреудің жеке өмірінде шатағымыз жоқ» деп ар алдындағы азаптың куәсі болуға бола ма?! Қала біткенде пәтер беруші мен пәтер жалдаушының арасында жүретін дәнекерлер жетеді. Ауадан ақша жасап отырғандар. Сол дәнекерлердің көбі бала-шағасы бар әйелдер мен орта жастан сәл асқан қыз-келіншектер. Солар пәтер берушінің өмірі жайында, оның осындай қылығы барын білмейді дейсіз бе?! Беске біледі, және соған қарай да клиент іздейді. Ең бірінші құрбандары – студент қыздар. 

"Все довольны и счастливы. Девушки тратят родительские деньги на покупку новых вещей и походы в кафе и кино, мужики не заводят любовниц, которые обошлись бы для семейного бюджета намного дороже, жены наслаждаются иллюзией надежного и крепкого очага", - говорит Алия. 

«Бәрі бақытты» дейді, Алия! Айтып отырғаны қандай бақыт?! Ата-анасы жіберген ақшасын пәтерге беріп, қалғанын қанағатпен көрер деудің орнына, бастысы ақша құлқына, әрекеті үй иесінің «қанағатына» кетеді деп отыр ғой. 

Иесі – ит, үйі – ар базарына айналып кеткен бұлардың жағасынан алып, орнына келтіретін заң жоқ па?! Әлде заң ең ақыры жеке адам құқығы деп отыра бермек пе?! Адам азғындап жатқанда қандай заңды айтамыз. 

Қала, қала деген сайын қалауына қар жана беретін бұл бөлек қоғамның арсыздғы өтіп бітті. Әркімнің санасы ғой деп бұрылып кеткің –ақ келеді, бірақ сол дүниені көріп, естіп тұрып бұрылып кетуге дәті жеткен мойынды шауып тастау керек қой. Осы мақаланы оқып отырып түйгенім, салыстымалы түрде әрбір қалада көптеген ЖОО-ы бар. Бәрі дерлік жатақханамен қамтымайды. Өйткені жатақхана салуға жер көп, жемі жоқ. Ақыры сенделген, ауылдан кеше келген, шеше көрген арулар осы сұмдыққа ұрынып қалады. Ұрынбасқа амалы бар ма. Бәріне топырақ шашуға болмас, дегенмен мыңның ішінен бір қазақтың қызы болсын осы қарекетке байланған болса, ұлт үшін мың жылдық қасірет қой! 

Мақаладағы Алия (қазақ болса ендігі, тегі басқа ұлт болар деп отырмын) сұхбат беріп бір шындықтың бетін аштым не білгенімді айттым деген болар. Жоқ, ол бүкіл бір ұлттың ішінде болып жатқан қан төгіссіз құрбандықтың кескінін айқындап берді. 

Етегіне ие бола алмаған қызды кінәлаймыз ба әлде итаяқпен ас ішіп үйренген үй иесін жазалаймыз ба?! Иттен де төмен адамды көргенде, Ақтөсті – ит, ас ішерін ыдысын – итаяқ деп айтуға арланасың! 

Ұлт болып бұл жөнсіздіктің алдын алайық! Көзін апанымен бірге құрту керек! 

Марғұлан Ақан, 

Ұлт порталы