Дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Мажарстан астанасы Будапешт қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Ғұсман Қырғызбаев күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жарыстың алғашқы күні 60 кг салмақта қазақтың қос бірдей спортшысы шешуші белдесулерге шықты.
Әскерилер арасында әлем чемпионы Ғұсман Қырғызбаев жартылай финалда франциялық Валиде Хиярды қапы қалдырды.
Содан кейін финалда ресейлік Яго Абуладземен татамиге шықты. Шешуші белдесуде ресейлік дзюдошы ширақ күресіп, таза жеңіске жетті.
Тағы бір қазақстандық, жастар арасында 2015 жылғы әлем чемпионы Мағжан Шәмшәдин жартылай финалға дейін қарсылас шақ келтірмей, онда Я.Абуладзеге есе жіберді.
Қола жүлде үшін бәсекеде Мағжан әзірбайжандық Карамат Хусейновпен белдесті. Қосымша уақытта жеңіс К.Хусейновтің еншісінде кетті. М.Шәмшәдин бесінші орынды қанағат тұтты.
Әйелдер арасында 48 кг салмақта Отгонцэцэг Галбадрах пен Әбиба Әбужақынова жүлдеден тыс қалды.
Рио Олимпиадасының қола жүлдегері О.Галбадрах үшінші айналымда Монғолияда жүргенде, өзінің жолын ылғи бөгеген бұрынғы отандасы Уранцэгэг Мунхбатпен бәсекеде үш шидо алғандықтан ғана есе жіберді. У.Мунхбат бұл біріншілікте қола жүлдеге ілікті.