01 қар, 2017 сағат 02:46

Гүлжан Құрманбекова: Қала бюджеті 11 пайызға артқан

Былтыр интернеттегi  жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша Шымкент еліміздегі ең ыңғайлы қала атанған болатын. Әрине бұл ауа райының қолайлылығынан, қауіпсіздігінен бөлек халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайына да байланысты. Мәселен, соңғы 3 жылдың ішінде қала аумағы 117 мың гектарға кеңейіп, жаңа аудандар қосылды. Экономикасы өсті. 2017 жылғы бюджеті 123 384,8 млн теңгеге жетті. Бұл облыс бюджетінің 21 пайызын құрайды. Алдағы уақытта да осы бағытта көз қуантарлық жұмыстар атқарылатын болады. Қала күніне орай шаһардың экономикалық әлеуеті жайлы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Құрманбекова Гүлжан Мамытқызымен сұхбаттасқан едік.

– Гүлжан Мамытқызы қазіргі таңда Шымкентте өңір өнеркәсібін дамытып жатқан индустриялық аймақтар бар. Олардың қала экономикасы мен бюджетіне әсері қандай?

– Жалпы экономиканың өркендеуінде өнеркәсіптің және кәсіпкерліктің дамуы негізгі рөл атқарады. Ол дегеніңіз тұрмыс- тіршілікке қажетті өнім түрлерін шығару, жаңа жұмыс орындары, бюджеттің және жұмыспен қамтылған азаматтардың кіріс көзі деген сияқты маңызды факторларды үйлестіреді. 

Қазіргі таңда қаламызда 2 индустриялық аймақ жұмыс жасайды. Оның біріншісі, бұрынғы Фосфор зауытының аумағындағы «Оңтүстік» индустриялық аймағы. Оның аумағы – 337 гектар. Жоспар бойынша жалпы құны 79,8 млрд теңгені құрайтын 84 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 6 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінде 84 жобаның 46-сы іске қосылып, 3,3 мың жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, бұл жобаларға 21,4 млрд теңге инвестиция тартылғанын да атап өтуге болады. 

2017 жылы 105 жаңа жұмыс орны бар 6.4 млрд теңгені құрайтын 2 жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар «Bitum Werk» ЖШС – битум өндірісі және «Hіll Corporation» ЖШС – регенерация және майлау өндірісі зауытының құрылысы.

Екіншісі, «Тассай» индустриялық аймағы. Ол 89 гектар аумақты алып жатыр. Онда жалпы құны 26,8 млн теңгені құрайтын 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Барлығы 1526 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Оның ішінде, 2016 жылы жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылып, 154 жұмыс орны ашылды. Олар: «Мега СМАРТ» ЖШС екі жобасы, «КазТехникас» ЖШС, «Marai E7 group» ЖШС.

2017 жылы 4 жобаны іске асыру арқылы, 170 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Бұларға кететін қаржы 1 949,5 млн теңгені құрайды. Яғни «Шымкай» ЖШС (750,0 млн теңге) жиһаз өндірісі, «MGroup KZ» ЖШС (850,0 млн теңге)– құрылысқа арналған ерітінділер және бетон жасайтын жабдықтар шығаратын зауыты, «ДезФумекс» ЖШС (30,0млн теңге) – асфальт-бетон зауыты, «НурАлем» ЖШС (319,5млн теңге) – әрлеу құрылыс материалдарының өндірісі секілді кәсіпорындар ашу көзделуде.

Жоғарыда атап өткендей қазірдің өзінде аталған 2 индустриялық аймақтың қала экономикасына ықпалы өте зор. Бүгінгі күнге дейін қала экономикасына жеке көздерден 22,0 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. 

2016 жылы бұл кәсіпорындардан қала бюджетіне жеке табыс және әлеуметтік салықтардан 906,2 млн теңге кіріс түсті. 

Биылғы жылы 6 жобаға 8,4 млрд теңге инвестиция тарту арқылы 275 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде. 

Айта кету қажет, бұл 2 индустриялық аймақ әлі де толық көлемде жұмыс жасап тұрған жоқ. Қазіргі таңда кезең-кезеңімен «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының» шеңберінде жаңа зауыттар іске қосылуда. Толық көлемде жұмыс жасаған жағдайда қала экономикасына 106,0 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, жалпы 7,5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылатын болады.

– Шетелдік компаниялардың қала экономикасына тигізетін үлесі қандай?

– Қазіргі таңда қалада 292 шетелдік және 234 шетелдің қатысуымен бірлескен компаниялар жұмыс жасайды. Оның ішінде ірілеріне тоқталып өтетін болсам, «Петроказаxстан Ойл Продактс» ЖШС. Қазіргі таңда, мұнай өңдеу зауытын модернизациялау жобасына Нидерланды елінің «Valsera Holdings B.V» компаниясымен инвестиция салуға келісім-шарт жасалды. Бұл жобаның I-кезеңі 2017 жылы маусым айында іске қосылды. Бүгінгі таңда зауытта 1500 жұмысшы жұмыс атқарады. Ағымдағы жылдың 8 ай қорытындысымен 20,0 млрд теңгеге өнім өндірілді.

«Раxат Шымкент» ЖШС-нің құны 850,0 млн теңгені құрайтын вафельді түтікшелерді шығаруды ұйымдастыру жобасына Оңтүстік Корея елінің «Lotte Confectionery» компаниясымен инвестиция тартылды. Зауытта 700-ден астам жұмысшы бар. Бүгінгі таңға 2,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

«Химфарм» АҚ-ның 2017 жылы қыркүйек айында іске қосылған қатты пероральды дәрілік заттар цеxына 4 095,0 млн теңгеге Польша елінің «Polpharma» компаниясы инвестиция салды.

– Қандай шағынаудандарға көбірек қаржы бөлінуде? Нендей өзгерістер күтуге болады?

– Өздеріңізге белгілі, 2012-2013 жылдары Бас жоспарға сәйкес қала шекарасы 40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін ұлғайып, 40 елдімекен қалаға қосылды. Қазіргі таңда, осы елдімекендердің инженерлік-коммуникациялық жүйелерін, жолдарын және көпшілік демалыс орындарын қайта құруға көп көңіл бөлінуде.

Қазіргі таңда 498,0 млн теңгеге 7 елді мекенде ауыз су, 388,9 млн. теңгеге 4 елді мекенде кәріз, 490,0 млн теңгеге 7 елді мекенде газ, 859,1 млн теңгеге 5 елді мекенде электр желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. 

Сонымен қатар, Бас жоспарға сәйкес қаланың солтүстік бөлігінде жаңа әкімшілік іскерлік орталығы мен тұрғын үй алабын және «Тұран» ш.а. «Шымкент сити» инвестициялық жобасының құрылысына көп көңіл бөлінуде. 

Биылғы жылы жаңа әкімшілік іскерлік орталығымен тұрғын үй алабында 1764 пәтерлі 20 тұрғын үйдің, 1200 орындық мектептің, инженерлік-коммуникациялық жүйелердің, 11 жолдың құрылысы іске асырылуда. Аумағы 407 гектар, 70 мыңға жуық халыққа есептелген. Ол жерде заманауи көп қабатты тұрғын үйлер, саябақ, демалыс орындары, ойын-сауық және сауда орталықтары салынатын болады. 

Қазіргі таңда, инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде көше құрылыстары бойынша 4 жобаның құрылысына 2 млрд теңге, су, кәріз, газ, жүйелерінің, электр және телефон желілерінің құрылысына 2,5 млрд теңге қаралған. 

Сондай ақ, халықаралық деңгейдегі 8000 орындық спорт кешенінің, 1500 орындық киноконцерт залының және саябақ құрылысының жобалық құжаттары әзірленуде.

Бүгінгі күнге 732 пәтерлі 14 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталып, жыл соңына дейін 162 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған.

– Жалпы қаланың биылғы бөлінген қаржысы өткен жылмен салыстырғанда қанша пайызға артқан немесе кеміген?

– 2016 жылғы қала бюджеті 111 010,2 млн теңге болса, биылғы жылғы жоспар 123 384,8 млн теңге немесе өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға (12 374,6 млн.теңгеге) артқан. Алдағы уақытта республикалық және облыстық бюджеттердің нақтыланып, қалаға қаржы бөлінуі жоспарлануда. Сондықтан бұл қаржы жыл соңына дейін артатын болады.

– Тап қазіргі уақытта қандай салаларға қаржы көбірек жұмсалуда?

– Өзіңізге белгілі, бірінші кезекте әлеуметтік салаға басымдық беріледі. Сондықтан, 2017 жылғы бюджетте білім беру саласына 50 986,5 млн теңге (шығындардың 41,3%), жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыруға 5 280,0 млн теңге (шығындардың 4,8%), мәдениет және спорт саласына 5 533,0 млн теңге қаралды (шығындардың 4,4%). Одан бөлек, тұрғын үй коммуналдық саласына да қомақты қаржы қаралуда. Атап айтқанда, 2017 жылы бұл салаға 37 351,5 млн теңге қаралды (шығындардың 30,2%). Бұл шығындардың ішінде тұрғын үй құрылысы, шағынаудандардың инженерлік жүйелерін дамыту, қаланы көгалдандыру және тазалығын қамтамасыз ету шығындары бар.

– Әңгімеңізге үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан Сапарғали ҚАНАТ,

"Шымкент келбеті" басылымы