Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Грекияда орман өртеді деген күдіктілер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше бұл оқиғаға қазақстандық азаматтардың қатысы жоқ.
"Қазақстандық консул ақпарат жарияланғаннан кейін бірден осы оқиға бойынша грек билігімен байланысқа шықты. Грек полицейлері ұсталғандар арасында Қазақстан азаматтарының жоқ екенін және оларға қандай да бір шағым түпегенін хабарлады", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, "Грекияның Гидра аралында 13 қазақстандық турист жалға алынған яхтада отшашу жасап, салдарынан орман өрті болды", делінген ақпарат тараған.
Оқиға 21 маусым күні кешке Агиос-Николаос жағажайының аймағында болған. Деректерге сүйенсек, туристер алдымен яхтаны жалға алып, кейін онда отшашу ұйымдастырып, оны құрлыққа қарай ұшырған. Нәтижесінде қарағайлы орманда өрт шықты.
Кейін олар өртті көріп, сөндіруге тырысқан. Алайда жалын күшті болғандықтан өрт сөндіру бөліміне қоңырау шалып, кейін өздері оқиға орнынан кетіп қалған.