01 сәу, 2022 сағат 18:56

Головкиннің "суперчемпионға" қарсы жекпе-жекте алатын гонорары белгілі болды



Жапонияда "суперчемпионға" қарсы шығатын Геннадий Головкиннің гонорарына қатысты ақпарат тарады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан агенттігі Vringe порталына сілтеме жасап.
Инсайдердің мәліметі бойынша IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің (41-1-1, 36 KO) кепілдендірілген гонорары 12,3 миллион долларды құрайды. Осы сома жекпе-жектің нәтижесіне қарамастан, қазақстандық боксшыға төленеді. Ал оның қарсыласы – жергілікті боксшы, WBA Super тұжырымы бойынша әлем чемпионы Риота Мурата (16-2, 13 KO) 4,1 миллион доллар алады.

Айта кетері, екі боксшының жекпе-жегі 9 сәуірде Сайтама қаласында өтеді. Геннадий Головкин осы жекпе-жекте жеңсе, Альвареспен тағы кездесуі мүмкін. Бірақ мексикалық боксшы 7 мамырда өтетін бокс кешінде Дмитрий Биволдан басым түсуі керек.

Жақында Головкин мен Альварес үшінші жекпе-жекті өткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Бокс кеші 17 қыркүйекте екінші орта салмақта ұйымдастырылады. Лас-Вегас бұл шоуды өткізуге фавориттердің қатарында, бірақ басқа аймақтар да өтінім берді.