Фото: Tengrinews.kz
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) мен мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес (57-2-2, 39 КО) үшінші жекпе-жек алдындағы қорытынды баспасөз мәслихатында кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Мексикалық нокаутпен жеңіске жетуді армандайтынын жасырмады. Бірақ жеңіс оңайлықпен келмейтінін мойындады.
"Рингке қайта оралғаныма қуаныштымын. Осы жекпе-жекке көп дайындалдым, 12 раундта аяқтаймын деп ойлап отырмын. Әрине, бұл жекпе-жек оңайға соқпайтынын білемін, бірақ мерзімінен бұрын аяқтауға тырысамын", - деді "Канело".
Алайда Головкин өзіне және жеңісіне сенімді екенін қарапайым түрде айтып, қатты мәлімдеме жасамады.
"Біріншіден, залда жиналған барша жанкүйерлеріме амандасып алайын. Мен осында болғаныма қуаныштымын. Соңғы кездесуден кейін төрт жыл өтті. Бұл кездесудің уақыты келді. Менің ойымша, бұл тарихи күн. Өзімді жайлы, күшті сезінемін. Жеңіске жетуге дайынмын.
Жеңіске жететініме сенімдімін, өз командамның, жанкүйерлерімнің сенімін ақтауға дайынмын. Екеуіміз де кәсіби спортшылармыз. Есте қаларлықтай жекпе-жек өткіземіз деп ойлаймын", - деді Головкин.