16 қыр, 2022 сағат 19:10

Головкин DAZN ұйымымен келісімшартын мерзімінен бұрын бұзбақ


Boxingscene.com журналисі Кит Айдек атап өткендей, орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің DAZN стриминг қызметімен келісім-шарты бастапқыда жоспарланғаннан аз уақытқа созылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап. 

18 қыркүйек күні таңертең Геннадий Головкин екінші орта салмақта абсолютті чемпион атағы үшін Сауль «Канело» Альвареспен үшінші рет жұдырықтасады. Бұл жекпе-жек GGG үшін DAZN-мен келісім бойынша бесінші және соңғы жекпе-жек болады. 

«Сенбі күні кешке оның мансабы аяқталмайды, Головкин Альвареспен үшінші жекпе-жек оның DAZN-мен эксклюзивті келісімшартын аяқтайтынын айтты. Головкин мен DAZN 2019 жылдың наурыз айында алты жекпе-жекке келісім жасайтындығын жариялады, оған сәйкес Геннадийге 100 миллионнан астам АҚШ доллары төленуі керек еді, бірақ ол осы сенбіде стриминг қызметіндегі бесінші шоуынан кейін аяқталады», - делінген. 

Бұған дейін қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек Лас-Вегаста өтетіні хабарланған болатын. Ол 18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 05:00-ге жоспарланған, басты жекпе-жек 08:00-ден кейін басталады. 

Боксшылардың жұдырық түйістіргенін Qazsport және Qazaqstan телеарналарынан тамашалауға болады.