Ауламызға техника дәуірі қонақтап, компьютер кезеңі кісінегелі қашан?! Барлық құндылықты ертелі-кеш интернеттен теріп, әлеуметтік желілерге желбезектен телінген, айпад пен айфонға телмірген жатбауыр ұрпақ өсіп келеді. Виртуал әлемнің балалары руханиятыңды, мәдениетіңді, әдебиетіңді әрі-беріден соң қажет етсін бе! Кітап оқымайтын ұрпаққа көркем әдебиет керексіз боп қалды. Себебі мен салдарына үңіліп, соған қарсы жүйелі істеліп жатқан жұмыс жоқ. Жалған буккросингтермен кімді алдаймыз?! Иә, қазір адами құндылықтар өзгерді. Қоғамдық формацияның идеологиялық иіні жұқа. Қылдай. «Экслибрис (кітап әлемі) әлемі» деген түсімізге кіреді. Бар мақсат – ақша табу. Рухани байлық дегенді түсінбейміз. Дәл осылай өсіп келе жатқан буынға жаным ашиды. «Қорқамын кейінгі жас балалардан!». Әлем техногенездік өркениетке, ақпараттық-инновациялық технологияға есі кеткен шақта, кітапханалар қаңырап бос тұрған заматта – қара сөзден қасиет іздеген жазушыларды құрметтеу керек!
Рас, кітап оқымайтын, газет-журнал қарамайтын, сөз танымайтын қоғамда қолға қалам алу оңай шаруа емес. Тұманда жол іздеген жолаушыдаймыз. Қанша талантты жазушы көрінбей жүр. Қанша мықты ақынды адам танымайды. Ау, шүлдірлеген ән мен шүпірлеген әншілерді, текке керексіз қылжақбастарды күнде қарайтатын экранға тарихыңды түгендеген ғалымың, тағдырыңды жырлаған ақының сыймағаны қалай?! Неге соларды аспандатпасқа?! Неге соларды ұрпақ санасына құймасқа?! Апта салмай ат салдыртып, орталық телевидениеден әлсін-ауық насихаттаса болмас па? Көпшілік көзайым болар еді ғой. Айтпағым бұл емес еді. Ақын жайлы сөз бастар алдында оқырман қауымның, өскелең жастың жайын ойлап алдық. Айтпағым…
«Оянбаған көзінде намыс, үміт,
Кімге керек Суллалар қаны суық.
Мен де бір гладиатор,
Поэзияның
Парасатын қорғайтын жан ұшырып», —
деп жырлаған қызылордалық ақын, поэзияның гладиаторы Шаһизада Әбдікәрімов еді… Өлең өлкесінде ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы бар ақын. Өз жолы, өз сүрлеуі бар. Дара стилі бар ақын болатын. Бұл күнде тұлпар мен мәстекті, сұңқар мен сұрқылтайды айыра алмайтын, шын талантты танымай, тыраштанғандарды талтаңдатып қойған аңғал жұртым Шаһизададай шайырды біле ме екен?!
Қолыма «Гладиатор» атты кітабы түсті жақында. Жан жадыратар, көңіл толқытар, «беу» дегізер өлең оқымағалы да көп болыпты. Бас алмай қойып кеттім. Оқыған сайын толғантып, толғанған сайын тебірентіп барады. «Толық емес өмірбаян» өлеңіне көзім тоқтады. КазГУ-ден оқудан шығып қап, Алматыны тастап бара жатқан жігіттің серті әм асау да ерке мінезден есілген өлең болса керек. Алматыға келіп, қолында ойнап өскен өлеңді «Барға апардым-ау» деп налыса, баспалар мен газет-журналдардың қабылдамағанын суреттейді. Университетте берекесі болмағаны, әйгілі Қожакеевтің кезексіз билет алып бергені, сөйтіп, ауылға қайтқаны – тұтас бір драматургия.
Көрсетем әлі, көкелеріңді түгендеп,
Кетті ғой деме, бас бағып!
Бұл бәле тағы төбелес бастап жүрер деп,
«Жетінші пойыз» қашты алып! – деп, бір бармағын бүгіп кетіпті «бұл бәле»… Ауылға барғанда «Адам өлтіріп, түрмеден қашып келгендей, Қармақшым суық қарсы алды» — дейді. Асау басы ноқтаға сыймайтын бозбала жігіт арада үзілістерден кейін қайта құжат тапсырып, ҚазГУ-де 22 жыл оқыпты. Шаһизада поэзиясының қуаттылығы – тағдыр талайынан. Есті тентектей кескек сойынан. Тереңдігі мен тазалығы және бар.
Дарының құрсын, жер басып жүрші дін аман,
Қарының барда – ішіп, той!
Екі өлеңіне еңіреп сыйлық сұраған,
Менің қатарым пысық қой!
Рас қой! «Бес ешкі айдап, ысқырығы жер жарғандар» айналамызда толып жүр. Сезімі жоқ, сыры жоқ, құр қызыл сөзді көлдей қып төккендердің талайын көргенбіз. «Ақынмын» деп кеуде көтеретінін қайтерсің?! Нағыз ақын нарқын бұлдамас болар. Нағыз ақын мен жәй ақынның айырмашылығы да осыдан білінбей ме? Ақын – ақын боп туады. Ешкім қолдан, жолдан ақын бола алмайды.
Шаһизада – өлеңге нөсердей төгіліп келді. Тосын үн, жаңа леп есіп тұр. Өлеңі ойға батырады. Бойға қызу береді. Қыздырма желік кіргізеді. Риза боласың. Рухтанасың. Кейде мұңға батасың. «Апыр-ай» деп, аңырайсың. Өйткені, ол –сезім күйін нық басатын ақын.
Атақты «Гладиатор Спартак» атты өлеңіне көңілім бірден құлады. Өлең-ақ, шіркін! Оттың қол қаритын қызуындай. Өзегіңді өртейді. Оқи-оқи тамағыма ащы өксік тығылды. Рас-ау! Соғар желдің бағытын білген, келер шақтың тамырын сезген сезіктің сәулесі ғой. Көз алдыма ежелгі Римде Флавилер афмитеатрында (Колизей) еркіндігі үшін шайқасқан гладиаторлар елестеп өтті. Шатұр-сұтыр сілтескен қылыштардың дауысы естілді. Жеңілгендер қалды. Жеңгендер еркіндік алды. Әдебиет те – майдан. Ол анау-мынау майданның қасында – майдан! Кескілескен майдан. Өз-өзіңді желкелемесең – жеңілдің. Кейде оза түссең, аяқтан шалатындар шығады. Бұл бір пендешіліктер күресі. Күрестің ең ұлысы – ол әуелі өзіңмен күрес. Өз-өзіңді жең. Қамшыла. Жаза алмадың ба, әдебиетті қорлама. Бұл күнде әдебиеттен де өзге құндылықтар көп екенін жоғарыда айттық. Ал, шын дарындар – бүгін жарқ етсе, ертең де лаулап шыға алатыны сөзсіз. Шаһизада – ұсақ тірліктің күрескері емес. Ол – майда тірліктің майданын менсінбейтін ақын! Бір кезде Алматыны шулатқан Шаһизада! Алматы аузын ашып, көзін жұмған-тын. Біз де талантына таңдай қаққанбыз. Ақын болсаң, осындай бол дедік. КазГУ-дің гулеген үнінде ШаҺизаданың өлеңі жүретін. Кейін арасы үзіліп қалды. «Әттең-ай» дедік. «Бір талантты тұншықтырып алдық па?» деп іштен күйіндік. Көз тиді ме, сөз өтті ме, әйтеуір, Шаһизада шалғай кетті. Өтпелі кезеңде өлең дейтін де жөніміз жоқ еді. Өмір сүру керек. Отбасын асырау керек.
Нарыққа жеттік, мінеки,
Бармақ қыршыдым!
Сері күндерім – шалғайда.
«Қолыңа қалам алсайшы», — дейді Тұрсыным,
Үш балам жетім қалмай ма?
Бірақ, Шаһизаданың – тірліктің тар тұсауына тағдырын бермейтін тарпаңдығына сендім. Сенімім алдамапты.
Тағы да «Гладиатор Спартакқа» үңілейін. Не құдіреті бар осының? Не артықшылығы бар?! Таудан сарқырап аққан судай күркірейді. Аспанды тілгілеген найзағайдай шартылдайды. Ішкі толғаныс пен қуаттың жойқын тасуынан туған асау шумақтар еріксіз елтіп әкетеді.
Құрыш семсер дем тартып қарсы аққанда,
Қарсы келген дұшпанды жамсатқанда,
Еркіндік деп ішіңнен жылап тұрдың,
Ерлігіңе ессіз ел қол соққанда!
Тұла бойымды түсініксіз діріл билей бастады. Құлағыма шапалақтар жаңғырығы жетті. Қара сөздің гладиаторы құсап біз де көптің алдында қасқая тұрып, талай көсілген екенбіз. Қаракөз жастардың арасында қазақтың қара сөзін майдай ағызғанбыз. Кейінгілер құлағына құйсын деп… Сөз бояуын білсін деп… Құлаш-құлаш етіп, көздің майын тауысып, жүрек күшін аямай, таңды-таңға ұрып жазған шақтар қаншама?! Соның бәрі текке емес шығар! Соның бәрі мынау бүгін көріп, ертең ұмытатын ұрпақ үшін! Абайды сабаған, Біржан салды байлаған жұрт бүгінгі кер заманға кез болған ақынды түсіне қояр ма деп қорқамын. Расында, бүгінде әдебиет жасаймын деп жүрген жанкешті жазушылардың соры қалың. Мұхаңдар мен Ғабеңдер бақытты екен ғой. Біз де, Шаһизада айтқандай, гладиатор секілдіміз.
Алысамын,
Жұлқысам…
Құламаймын –
Төнсе-төнсін басыма бұлағай күн.
Қан-қан болып жатсам да жыр жолында,
Мен ешкімнен жан сауға сұрамаймын!
Керемет әсерлі. Шындық пен болжам философиясы ұйысқан өлең. Арқаң көтеріліп, өз-өзіңнен рухтанып сала бересің. Алайда, бұл – Шаһизада батырдың шырқау шыңы емес, шыр-пыр шындығы! Қанды шайқаста қапыда құлап түскен гладиатордың қайта тұруға талпынғаны секілді. Жаралы қасқырдың сұмдық сесі сынды. Шаһизаданың шырқар тұсы тым-тым биік деп ойлаймын. Жай отындай күркіреп шықты. Ерте жарқылдады. Міне, енді сол сабазың «Гладиаторлар майданына» қайта оралды. «Төбелестің» көкесін көрсетуге келді. Жәй оралған жоқ. Бәйгеге алтын жүген ұстай келген шабандоздай. Баяғы сол потенциал. Баяғы сол өршілдік. Сол баяғы көкбөрі мінез. Арта түспесе, кемімеген.
Жетермін бір күн мұратқа,
Сенімін елдің өтермін…
Шын дүбір жетсе құлаққа,
Шылбырымды үзіп кетермін.
Шіркіннің, жүгенжұлды жүйріктей жұлқынуын қараңыз. Бұл оның өлеңнен алшақ кете алмайтындығының, ақын боп туылғандығының айғағы болса керек.
«Гладиатор» сабазыңның да жүрегі бар. Талай қызға ғашық болған да шығар. Дұрысы, талай қыздың арманы болды десе жарасар. Адуынды, екпінді ақынның махаббат лирикасы да ерекше. «Сүйдім, күйдім» деп, бас-көзсіз лықыта беретін ақындардың қатарынан емес. «Болмай жатып Белинский, толмай жатып Толстой» болғандар сойынан емес. Рас, сілтеп жазды. Көсіле шапты. Әдебиетке ерекше леп ала келді. Ол қашан да бөлек сойлы, озық ойлы Шаһизада ғой, өйткені. Көп ақынды оқимыз. Жастарға да көз сала жүреміз. Бірақ, жасырып қайтейік, әсер ала алмайтын кезіміз көп. Оның поэзиясы ешкімге ұқсамайтындығымен әсерлі. Сабақтасқан сезім, астасқан ой, сарыны мен ағынынан жаңылмайтын қуат, философиясы мен психологиясы қабат келген келісті өлеңдер – оқығанды баурамай қоймайды.
Тұрсам деп ем қасыңда тең шынардай,
Жабырқаған жанымды көрші, қандай?
Бұқтырманың басында қор болдық-ау,
Сен биіктен түсе алмай… Мен шыға алмай.
Бұл – «Қызқарағай» атты өлеңі.
Бар-жоғы үш шумақ. Жұп-жұмыр. Бүкіл көркемдікті сол үш шумаққа сыйғызып жіберген. Бірақ, көп жайды аңғартқандай. Бүкіл тағдырын шерткендей.
«Түнгі Ыстықкөлі» жан-сырын жаяды. Әдемі композициялық өрнегі жүйелі жымдасқан. Гладиатор сабазың махаббат жырында да мәймөңкелемейді. Ашығын айтады. Шынайылығын жасырмайды. Сезіміңді қытықтайды. Өлеңге ойша қосылып кетесің.
Төңкере тастап жанарын,
Ғашықтық дертін ұққызды.
Аузыма тосып анарын,
Ащы бір өксік жұтқызды, —
деп сезім мен күйігін ақтара салады. Ал, «Аллегория» атты жыры да дәл осындай мінезді:
Жел сырласып көкжалыңның мұңымен,
Үйің алдын шиырлайын түнімен.
Таң сыз бере жоғалайын…
Сен оян
Алыпсоқтың қыңсылаған үнінен, —
дей келе, соңғы шумақты асқақ қайырған:
Ал, сен болсаң…
Өксік толып ішіңде,
Төбетіңе қарап мұңды пішінде,
Өкін!
Жыла:
«Дариға-ай, сол көкжалдың
Неге ғана кетпедім, — деп, — тісінде…
Па, шіркін, сүйіндірсең, осылай сүйіндір. Ау, дәл бұлай ғашығына айтып тұр ғой қасқайып! Көкжалдың сүюі де бөлек. Күюі де ерек. Жыламсақтанып, өліп-өшкен өлеңдерге жол болсын. Биік сөйлейтін ақын мұң-мөлтекке иық бойлатпайды. Бұл – поэзиядағы сирек құбылыс. Фариза апамның «Мен саған ғашық емес ем» деген өлеңі ағысқа қарсы аққан өрлік-тін. Талай күйіп-жанған қыздарға үлгі болған. Ақын әйелдердің ішінде дәл осылай сөйлей алған Фариза Оңғарсынова еді. Ал, Шаһизада екібастан адуынды, айбынды.
Санамалай берсек, санаға салмақ салар жырлары жетіп артылады. Бір парасын ғана, көңіліме дөп тигенін сөз еттім. Керісінше, ақынның сәтсіз өлеңдері аз. Шынайы өлең қашан да сәтті келеді. Жалған пафос пен әсіре мұң Шаһизаданың табиғатына тоғыспайды. Шынайы өлең бір жазылады. Өйткені, ол – шынайы. Тігісін жамап, жан-жағын қырнамалау, сылап-сипалақтау – ақындық белгісі емес. Ондай өлеңді оқи алмаймын.
Алматыдан көңілі қалып, налып келе жатып Шаһизада былай депті:
Артықтау кетсем, Алматым, ғафу өтінем,
Сөзін жұтпайды өренің.
Ана бір жылы «көрсетемін» деп кетіп ем,
Соны ескертейін дегенім…
Біз де ескертіп қояйық: ал, аяулы Алматы, қадірлі оқырман, тентек сарың қайта келді. Поэзияның гладиаторы оралды. Ол – бекзада болмысты Шаһизада Әбдікәрімов! Қабыл алғайсың!
Рахымжан Отарбаев,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері