Фото: Ақорда
Германияның Федералды канцлері Олаф Шольц Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен ресми сапармен келді, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
Астана қаласының әуежайында Олаф Шольцті Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов қарсы алды.
Германияның Федералды канцлері «Орталық Азия + Германия» екінші саммитіне қатысып, саммит аясында сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды талқылайды. Сондай-ақ, кең ауқымды бағыттар бойынша стратегиялық ынтымақтастық пен әріптестік мәселелері туралы сөйлесу жоспарлануда.
Германия Қазақстанның маңызды сауда және инвестициялық серіктесі саналады. 2024 жылдың 7 айында Қазақстан мен Германия арасында өзара сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өсіп, $2,3 млрд-ты құрады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Германиядан Қазақстанға тікелей инвестициялар көлемі 64%-ға ұлғайып, $770 млн-ға жетті. Қаражаттың негізгі бөлігі басымдық беріліп отырған экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған.