24 мау, 2017 сағат 13:56

Герман Гессе. Жанайқай

Гессе Герман (Эмиль Синклер) Гийом (Вильгельм) Аполлинердей "Ұлылардың аспанына оқ атпады".  

"Түс - туғаныңнан бүгінгіңе дейін, Гомерден Генриx Маннға, Жапониядан Гибралтарға, Сириустан Жерге, Қызыл Телпектен Бергсонға дейінгі жаныңның тұтас әлеміне (үлкен де, кіші де емес) үңілтетін саңылау". Бұл - жер басып жүргендердің барлығы мән-маңызын ұғуға талпынатын құбылысқа берген анықтамасы.

Өте зерек өсті. Александар Науменконың айтуынша: "Үш жасында оқуға талаптанды. Бес жасында төрт жол өлең, он жасында әпкесі Маруллаға арнап "Ағайындылар" атты әңгіме жазды. Жылдар жылжыған сайын күйгелектенуі көбейеді. Ата-анасы апарған "есерсоқтау" балалар тәрбиеленетін интернатта алғашқы махаббатын кездестіреді. Гессе қыздан жеті жасқа кіші. Сезіміне жауап ала алмайды. Бірінші рет өз-өзін өлтіруге бел байлайды. Бұндай шешім қабылдауы сан мәрте қайталанған. Он жеті жасында шығармашылықпен еркін айналысу үшін әкесінен үйден кетуге рұқсат сұрайды. Күніне 10-12 сағат жұмыс жасады. Он сегіз жасында Тюбинген университетінің табалдырығын аттайды. Жоғарғы оқу орнында өткізген уақытында дүниежүзінің әдебиеті мен философиясының тең жартысын оқып үлгергенін тілге тиек етеді. Жиырма бір жасында "Романтика әуендері" атты тұңғыш өлең кітабын шығарады. Осыдан соң да кесек-кесек еңбектерін дүниеге әкеледі. Герман кітап саудасымен айналысқан Эмиль Золядан кейінгі әдебиеттегі екінші есім."

Оны беллетристтердің туындыларын келесі дәуірге апаратын жәдігерлердің иллюстрациясы алаңдатты. "Неліктен жиһаздарды жобалаумен шұғылданатын, түсқағазға, үй әбзелдеріне өң кіргізетін суретшілерге кітаппен айналыспасқа?!" дейді. "Раритеттер" тоғысқан жинақтардың сапасын арттыруға талпынады.

...Пайымдауынша, "газет - кітаптың қауіпті жауларының бірі".

Тізілген томдардың экслибрисінен Гётені көп кездестіргені анық. Неміс әдебиетінен аталмыш тұлғаны, сосын Жан Польді биік қойды.

"Адамға әлемді таңғалдырғаннан не опа, егер жанын кірлетіп алар болса?!". Күні-түні мазасын алған мына сауалға жауап таппай қатты аңтарылады. Алайда, ол "жүріс-тұрысы мен іс-әрекетінің дұрыс, я бұрыстығын ажырату қолында еместігіне" және "адамның өлмейтініне" иланды.

Оның "Оқымыстысы" кім еді?! Алақаны мұқаба сыртын сипаудан босамайтын әлдебір кеміргіш жайлы эссесіндегі бар ғұмырын оқу-тоқудың жолында сарп еткен, сарғыш парақтардағы кейіпкерлерді сүйіп, жыласа, егіліп, қуанса, шаттанып, тереңнен сыр шертетін романдармен, хикаяттармен өмір сүргенін татар дәмі таусыларда ғана түсініп, түңілген Гессенің өзі шығар дейсің кейде... Маңдайына бұйырған жазу сол ма, әлде?!

            "Кітаптар – қаншама, самсаған...
            Қаншалық көп болса, соншалық аз бақыт.
            Жанында жұмбақ бар аңсаған,
            Жетелер құпия әлемнің жарығын маздатып.

            Жол бойы кезіккен сезімдей жүрекке байланар,
            Ертегі желі ескен ел еді.
            Күн күлер. Жұлдыз жүр. Ай да бар,
            Осы ма санаңа керегі?!

            Сен одан дараны іздедің, дананы,
            Неліктен езілдің, шаршадың?!
            Нұрлы ойдан парағы жарқырап барады,
            Қалтырап қалды ма саусағың?!"
            Аңсар... Алпауыт құмарлық...

...Түпсіз қиялға беріліп, айна алдында "айналысып жүргендерінен түк те шықпайтынын білсе де, аңсары ауған ісімен шұғылдануын тоқтатпайтын адам осы емес пе?!" деп өз-өзімен неше рет сөйлесіп тұрды екен?! "Жаныңды қинайтын құрбандықтарға бару және оны бағалау арқылы мүддемізді тапқанымыз" рас. "Ешкім ешқашан жазбағанды жазамын". Серті! "Суретші өнерге қашу арқылы қоғамнан қорғануға міндетті емес". Бірақ, негізгі "борышын" атқара алды ма, білмеймін... "Мен жазушы атандым. Адам болған жоқпын. Жеке басымның қалағанына қол жеткіздім. Дегенмен, басты мақсатым орындалмады. Менің өмірім – тек қана әдебиет". Соңғы сөзі бұл...

Ал, Өлеңнің, Поэзияның не екенін білгіңіз келсе, осы мақаланы оқығаныңыз жөн!     

           

Жанайқай

 Мектептегі балауыз күндердің бірінде әлдебір өлеңді жамыраса оқығанымыз есімде. Атауы "Шпекбахердің баласы" болатын. Жасымыз онда. Кейіпкер сынып ішін таңданысқа толтырған шайқаста жауына бағыттар оғын өзгеше жинағанымен қоймай, көптің қолынан келмейтін батылдығымен ел мақтанышына айналған бала туралы оданың қаһарманы еді. Бәріміз таңдандық. Ұстазымыз мысқылдап: "Қалай, жақсы ма екен?!" деді. "Иә" - дан басқа түк табылмады. Мұғалім басын көтеріп, күлімсіреп: "Жоқ, бұл нашар өлең" деді. Сөзінің жаны бар-тұғын... Қаңғыған қағидалар мен дәуіріміздің талғампаздығы тұрғысынан пайымы дұрыс. Көркемдігі де жұтаң тартады... Төлтума емес, бағзыдан бар сюжетті қайталай салған шалағай. Алайда, оқушылардың өн-бойынан таңданыс тарқамады.

Бақандай он жылды артқа тастадым. Жиырма бірдің ауылы ағараңдады. Сағынышқа айналған қам-қарекетсіз кезімдегі өлеңді күбірлеп, бірнеше жолын шолып шықсам-ақ... ойланбастан қандай екенін нақпа-нақтап айтатын жағдайға жеттім.

Тағы да он жыл өтті. Жиған-тергенім молайды. Бірақ, баға бере аламын ба?! Күмәнімның сұп-сұр бұлты сейілмеді. Маған көбіне жас ақындар жазған-сызғандарын әкеледі. Жиі... Пікірімді білуге құмар.  Баспагер табуды аңсайды. "Әдебиеттің қыр-сырына қанық" алдынғы буын өкілдерінің бетінде балғын жырлар бар парақты сенімсіз сытырлатқанына қоса, сапа туралы жарытып ештеңе айтпайтынын аңғарып әрдайым таңғалады, көңілі қалады... Ал, үлкендер әлдене деуге ұмтылмайды да. Шындығында, ешқандай "тәжірибелілік" жоқ. Жиырма жасымдағы екі-ақ минутымда санама қонған осы ойға сөзсіз сенімдімін. Ал, бүгін өзіме қиын. Жоқ, қиыны қисынсыз, мүмкін емес... Оның үстіне, уақыт сырғыған сайын шыңдаламыз деп ойладық. Әр жерден әңгіме қылатын "әккілік" шыбындай салмақсыз. Бірақ, "тәжірибе" өзімен-өзі келмейді. Ана сүтімен дарымаған дарын жазуды үйрену арқылы мектептен басталады. Қырық, алпыс, әлде, жүз жыл өмір сүрер, сосын, өледі. Санаулы ғұмырында нағыз "тәжірибенің" не екенін игермей, білмей өтеді. Таланттың өзге де түрі бар. Мен соған енем!

Бозбалалық дәуренімде өлеңнің өзіне, содан соң оны жазған ақынға деген махаббатыма сүйеніп, еркін сөйлейтін едім. Қандай жақсы! Жариялауға дайын әрбір кітаптың ішіндегі шимай-шатпақтарды ұзақ, тіпті, қазірге дейін ынта-ықыласым ауған туындылармен салыстырдым...   

Бірнеше сүйікті ақыным бар. Бұрын ұнатқандарым да солардың қатарында. Дегенмен, кейбіреуінің алғаш көз жүгірткенімде үні жаныма жылы тиіп, кейін көңіл төрінен ғайып болатын өлеңдерінің ғұмыры ұзақтығына сенбеймін.

Әрине, сөзім автор емес, тек "әлсіз" өлеңдер туралы. Ерекше сыйлайтындарымнан өзгелері жазған дүниелердің бір оқыған бойда-ақ орта қол екені байқалып, толыққанды еместігі көрінеді. Құр босқа уақыт құртқаныма өкінем. Нашар және неге нашар екенін дәлелдеуге білімімнің жететінін анық білдім.  Қазір ол сенімім жоғалып, ешбір себепсіз дүдәмал күйге түстім. Құрғақ, бөтен, іш пыстырады. Түйсігім қарсы тұрып алды. Мезгілі өткенге айналғандай... Әлдеқашан тізесі шыққан. Кімнің қазынасы екендігі енді есімнен өшті.

Кейде кітаптарды парақтап отырып, "нашар" өлеңдерді қабылдау өз алдына, мақтау керек болғанда, "жақсы" және "ғажап" көрінгендер күмән туғызады.

Профессормен, шенеунікпен, есалаңмен жақын аралассаңыз, менің татқан сезімімді бастан кешулеріңіз мүмкін. Өйткені, шенеунік мінсіз, таза адам. Көзіңіз жеткен. Құдайдың заңды перзенті. Ұясына орныққан қоғамға қажет азамат. Профессормен де, есалаңмен де шектен тыс ерекше қарым-қатынасқа түссеңіз, шындықтың мүлде басқа, бұрынғысына қарама-қарсы бағытта екенін түсінетін сәт келеді. Бәрі қылықтарына төзіп, жандары ашығанмен "жарымес" деп танитын есалаңнан жайлы, жеке басына сенімді бақыттыны, Тәңірді сүйетін, жеке өмір сүру дағдысы бар және жаратылысына дән риза жанды көресің. Шенеунік пен профессор аянышты хәлде қалады. Көріксіз, пішіні қуыршақ тектес. Мұндай пенделер әркімге біреуден кездеседі.

"Әлсіз" өлеңдер туралы да дәл осындай ойда боламын. Кенет жақсы көріне бастайды. Қалай ғана жұпарланып кеткенін аңдамайсың. Ерекшелік, балаң ширақтық... Қатты байқалатын әлсіздігін, кемшілігін сынап-мінеуге қимайсың. Табиғи, таза, тартымды, тамаша! Ал, "ғажап" өлеңдердің бітім-болмысы аталған қасиеттермен салыстырар болсақ, сүреңсіз, бір сарынды.

Экспрессионизм пайда болғаннан соң біздің кейбір жас ақындарымыз белгілі бір негізге сүйеніп, "жақсы" және "әдемі" өлеңдерден биік дүниені әдейі жазбайды. Олар мен атаған жырлар жеткілікті деңгейде жарыққа шықты, "ғажаптардың" қатарын толықтыруға, сосын "ағалар" салып кеткен сүрлеуді жалғап, "Кім кімнен асып түседі?" ойынын ойнауға туылмадық, әлемде ол үшін жүрген жоқпыз деп санайды.

Сірә, бұл кәміл дұрыс. Әсерлі естіледі. Дегенмен, бұйырары тек "нашар" өлең ғана болмақ. Онысы қалай?!

Мына мәселенің өңін қашырған түйткіл не?! Өлеңнің өмірге келу желеуінің мағынасы шегіне жеткен. Бәсеңдік, шақырған дауыс, айқай-ұйқай, дем, күбір, зарыққан жүректің сөзі, әлденеге елтіген хәл-жайды сезіну, әлі жеткенше ауыр сезімдерді қотару, жан толғанысы... Мұндай әдепкі, маңызды белгілеріне ешқандай баға алмайтын өлеңде ең әуелі ақынның өзі ғана бар. Оның тынысы, дауысы, қиялы, күлкісі, бойын делсал қылған сәттерден булығуы... Түнгі түстердің эстетикалық құндылығын, ауа қармаған қолдар мен жөнсіз шайқалған бастардың, мезгілсіз ымдау мен бағытсыз жүрістің нендей мақсаты барын жорамалдауды кім мойынына ала алады?! Қолдарының үлкен саусағын, аяғының бармағын аузына салған емшектегі сәби ақылды іс - әрекетке барады. Қауырсын қаламының ұшын кемірген автор секілді... Әлде, құйрығын жайған тауыс сияқты. Осылардың біреуі бір-бірінен артық қимыл жасамайды. Белгілі бір деңгейде дұрыс.

Кейде өлең автордың шаршағаны, ойдың жеңілдігі арқылы қуантады, уайымдатады, елжіретеді. Тек мені емес, халықты да. Іштей марқаясың. Сыртқы пішіні тартымды. Бұл, бәлкім, бәріне қатысты, барлығын толғантатын нәрсені көпке көрсеткісі келгенде болатын шығар. Бірақ,  сондай кездерде ғана емес...

Осы тұста шешімі табылмаған айналым басталады. "Әдемі" өлеңдер ақынды елдің, бұқараның сүйіктісіне айналдырады. Ал, шығармашылықтағы түнек неден туындайды?! Түпкі болмысты ұмытқаннан, ғалам алдында, Құдай жолындағы адам алдында әдемі көрінгілері келгендіктен... Өзгелер... тыңдармандар мен оқырмандар үшін жаралған ондай өлеңдер бидің қозғалысынан, жанның айқайынан, өткенді аңсаудан алыста... Бар үміті артылған тілі мүкіс елеске арбалу жоқ. Данышпанның жүзі, нақұрыстың қайғы салған әжімі емес! Қиялдан ада... Жай ғана ойлап шығарылған бұйым, фабрикат, әлеуметке арнайы әзірленген тәтті мәмпәси. Оларды таратып, сату мақсатымен жасады! Ниеті алармандардың жанын тыныштандырып, демалту. Жеке сауық құруларына пайдаға асу. Зор табысқа кенеледі. Оған махаббатпен қараудың, арманына арбалудың қажеті шамалы. Қинамайды, солқылдатпайды... Есесіне тым көңілді. Сұлу, бірқалыпты толқындарында ыңғайлы тербетеді.

Бұл "әдемі" өлеңдер өте жағымсыз әсер қалдырады. Жүректі күдікке матайды. Профессор мен шенеунік секілді сылап-сипалған. Қандай да бір шеңберге сыйған.

...Әділ әлемге аузың мұрныңнан шыққанша тойып, көшедегі үлкен шамдарды қиратып, ғибадатхананы өртеуге ұмтылғанда әулие классиктерге дейінгі "ғажайыптар" цензураланған, қаламасаң да, қабылдауға болатын, әбден әлдебір ережеге көнген, өте қарапайым көрінеді. Енді "нашарларға", "әлсіздерге" ден қоясың. Оқуға тұрарлық бірде-бір өлеңнің жоқ екеніне көзің жетеді, сосын... Мүлде!

Лезде тұла бойыңды түңілу аңдиды. "Нашар" өлеңдерді оқудың рахаты тым қысқа, айызың тез қанады. Ал, неге оқу керек?! Неліктен әркім өзі-ақ "әлсіз" өлең жазбайды? Тырысыңыз, "нашар" өлеңдер жазу "ғажаптарды" оқуға қарағанда адамды едәуір бақытқа бөлейтініне көзіңіз жетеді...

 

(1918) 

                   Неміс тілінен орысшаға аударған: Александр Науменко

                   Орыс тілінен аударған: Марлен Ғилымхан

 

  • Библия