Фото: ҰОК
Қазақстанның әйгілі боксшысы, Олимпиада жүлдегері және бұрынғы кәсіпқой әлем чемпионы Геннадий Головкин Италияның Рим қаласында өткен World Boxing конгресінде ұйым президенті болып сайланды, деп хабарлайды Ult.kz.
Конгресте GGG ұйым мүшелерінің алдында сөз сөйлеп, алдағы жұмысының басымдықтарын таныстырды. Ол сөзін бокстағы өмір жолынан бастады:
«Мен боксқа ең кішкентай залдан келдім. Олимпиадаға дейінгі және әлемдік ареналарға дейінгі ұзақ жолдан өттім. Бүгін мен шаршы алаңдағы спортшы ретінде емес, осы спортты сақтап, дамыту үшін жұмыс істейтін адам ретінде келдім», – деді жаңа президент.
Головкиннің бағдарламасы бірнеше негізгі бағыттан тұрады:
1. World Boxing-ке сенімді қайтару.
GGG халықаралық спорт жүйесінде айқындық, әділдік және мықты басқарудың маңызын атап өтті. Ол ХОК-тың Olympism365 комиссиясының мүшесі және World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде талаптарды жақсы түсінетінін айтты.
2. Бокстың Олимпиададағы орнын сақтау.
Оның басты мақсаты – World Boxing ұйымын ХОК тарапынан толық мойындату және боксты Олимпиада бағдарламасында тұрақты ету. «Бокстың Олимпиададағы орны талқыланатын мәселе емес, кепіл болуы керек», – деді Головкин.
3. Төрт негізгі тұғыр:
-
спортшылардың мүддесі – басты назарда;
-
адалдық пен ашықтық;
-
инновациялар мен технологиялық даму;
-
қаржылық тұрақтылық және федерацияның өсуі.
4. Реформалар 2026 жылдан басталады.
Жаңа жылдан кейін алғашқы өзгерістер жүзеге асады. Негізгі қадамдар:
-
спортшылардың дауысын тыңдайтын халықаралық Athletes’ Council құру;
-
тәуелсіз төрелік пен бақылау жүйесін енгізу;
-
World Boxing Educational Academy ашу (спортшылар мен бапкерлерге арналған оқу, допингке қарсы модульдер, төрешілік курстары, спорттан кейінгі мансапқа бейімдеу).
5. Жаңа стильдегі көшбасшылық.
«Көшбасшылық – адамдардың үстінен қарау емес, олармен қатар тұру. Бірлік – ұран емес, тәртіп», – деді Головкин.
Головкиннің бағдарламасы ұйым тарихындағы елеулі реформалардың бастамасы ретінде бағаланып отыр. Жақын күндері ол президент ретінде ресми түрде бекітіледі.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді жоғары қызметке сайлануымен құттықтады.
«Бұл – Геннадий Головкиннің ерен еңбегіне берілген лайықты баға. Даңқты отандасымыз олимпиадалық спорт түрі бойынша халықаралық федерацияны басқаратын Қазақстанның алғашқы өкілі атанды», – делінген Ақорда таратқан құттықтауда.
