Фото: ҚР СІМ
Бүгін эвакуацияның бірінші кезеңі жүзеге асырылып, нәтижесінде «Рафах» бақылау-өткізу пункті арқылы Газа секторынан Мысыр аумағына 92 Қазақстан азаматы мен олардың отбасы мүшелері өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстандық дипломаттар отандастарымызға барлық қажетті консулдық-құқықтық және психологиялық көмек көрсетті. Шекарадағы рәсімдерден кейін біздің азаматтарымыз колонна құрамында жолға шықты және жақын арада Каир қаласына жетеді.
Айта кететін жәйт, ҚР азаматтарын Газа секторынан эвакуациялау кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Осы орайда қазақстандық дипломаттар Израиль, Мысыр, Палестина ұлттық әкімшілігінің құзыретті органдарымен және басқа да халықаралық ұйымдармен қалған отандастарымызды анклавтан эвакуациялау бойынша жұмысты жалғастырады" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, біздің барлық азаматымыз Газа секторынан Каирге аман-есен жеткізілгеннен кейін ҚР Үкіметі оларды елге жеткізу үшін эвакуациялық борт жолдайды.