Әлем әдебиеті өкілдерінің санатындағы қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейістің «Қан мен тер» атты эпикалық дәстүрдің үздік үлгілеріне жүгінген дәуірнамалық трилогиясында ХХ ғасыр ішіндегі тарихи-әлеуметтік, саяси-қоғамдық түбірлі өзгерістер, психологиялық қайшылықтар мен ғаламат оғаш оқиғалар, апалаң-топалаң, алағай да бұлағай сойқан заманның жаншошырлық көріністері, ел, халық, жер, теңіз тағдыры барша шындығымен шынайы, келісті жырланған. Отаршылдықтың қамытын мықтап киген, ноқталы күйге түскен ұстараның жүзінде, иненің ұшында тіршілік кешкен тұтастай қазақ жұртының өлшеусіз күйініш-қасіретін, тақсірет-тозағын айтқанда П.Я.Чаадаевтың философиялық хаттарындағы: «Россия бүкіл адамзат мойындайтын заңдарды, шарттарды, жарғыларды жұла тартып, бұра тартып, өзінің мұрат-мақсаттарына жұмсайды» дейтін жаны бар пікіріне бас шұлғисың. Азулы державаның қазақтың көргенді қауымын, зерделі, сәулетті қоғамын, Ұлы даланың асыл игіліктерін әлем-тапырық, жөн-жосықсыз халге түсіріп, ұлт тағдырын қуыршаққа айналдырғаны, ай мүйізді серкелерін «құлақ-шекеден соққы жеген жылқыдай қалтақбас» еткені «Қан мен тер» шығармасында зиялы оқырманның сай-сүйегін, жан-жүйесін солқылдата жазады. Бұл орайда Ресейдің ойшыл қайраткері Лев Аннинскийдің «Нұрпейісов романы – дала психологиясының энциклопедиясы. «Қан мен тер» – ұлттық ғарышқа тән мінездер галереясы» деуі қисынды, дұп-дұрыс.
Ғасыр кітабында алтын балық үйіріндей шоқтығы биік дара кейіпкерлер шоғыры бар: өсу, өркендеу жолында өнегелі, өрелі тұлға дәрежесіне жеткен ер мінезді, жаны ақ шүберектей Еламан, көзқарасы, танымы, ұстанымы ортақ, тағдырлас, мұраттас, тілеуқор Дос, Мөңке, Рай, Кәлендер; ақылды да айлакер, сері, жер түбінен ойлайтын Тәңірберген; оның ағасы «Қаратаз», «Қойлы таз» атанған мыңды айдаған дәулетті бай, болыс Құдайменде мен Алдаберген софы, маңдайының соры бес елі, өмірі шытырман-шырғалаңға толы, қара дауылға қарсы ұшқан қырандай қайсар, басына бұлт үйірілгіш, сүрінгіш, бейнетқор, ақ манардай Ақбала; суға батпайтын, отқа жанбайтын Судыр Ахмет, жақынды үйіріп, алысты қайырып, үзігіңді жалғап бүтіндейтін ел жақсылары «халық атасы» Есбол қария, қара емендей Сүйеу қарт, «аузы дуалы» Әліби, бейпіл ауыз Қарақатын, абзалдық пен адамгершілік қасиеттері жоғары Достың анасы ақылман Ақ кемпір, Алла мінсіз жаратқан лағыл-гауһар Айғанша, орыс саудагері Тентек Шодыр (Федоров), Курнос Иван мен татар саудагері Темірке, қазақ саудагері Ебейсін, жалшы Жалмұрат Шалқар шаһарындағы жұмысшы қозғалысы жетекшілерінің бірі – адуын өзімшіл, өктем, өркөкірек Мюльгаузен мен қарт жұмысшы Ознобин және т.с.с.
Иә, алуан-алуан кейіпкерлер, тағдырлар, характерлер, мінездер. Әрбір кейіпкердің болмысында, іс-әрекетінде, мінез-қылығында, дағды-машығында, көзқарасында, дүниетанымында халықтың әлеуметтік тағдыры бар. Тарихи-әлеуметтік, саяси-қоғамдық ортаның әсері, суреті бар. Ұлт суреткері Әбдіжәміл Нұрпейіс әрбір құбылыстың, әрбір оқиғаның, жағдаяттың бүге-шігесін, себебін, негізін ыждағаттайды, хас тамыршыдай дөп түседі.
Мысалы, Еламанда тектілік бар. Әкесі Науан Сүйеу қызы Ақбаланы атастырады. Ол Құдайменденің жылқысын бақты. Бірде Құдайменденің Ұлы құм бойындағы құдасынан қалап алған жел жетпес жүйрігінің қарнын көкжал қасқыр жарып кеткенде Құдайменде:
– Әй, ит! Сен үйірге салатын айғырым ба едің?
Сен менің жылқышым бола-сың, – деп ақырып, Еламанды қамшымен қақ бастан тартып жіберіпті».
Еламан да бурадай буырқанып, шамырқанып атына қарғып мініп, Құдаймендеге барыстай атылған екен.
– Әй, Құдайменде!.. Жылқың әне! Дүние кезек. Күнім туса, көрермін, – деді де, Еламан ат басын бұрып, құйындатып, ала жөнелді».
Енді Еламанның өмір жолы басқа бір арнаға ойысты. Промсал ашқан оралдық бай орыс Тентек Шодырға жалданды. Орыс-герман соғысы тұтанып, балықтың бағасы да шарықтап кеткен еді.
Балықшылар Еламан, Мөңке, Рай, Дос, Құлтума теңіз үстінде. Балық тапсыратын сарай – мұзқала бар. Теңіз – қазақ жерінде, игіліктері – жат қолында. Балықшылар бір асымдық балық алса, Федоровтікі деп.
– Бұл жаққа мен иман іздеп келгем жоқ, – Ендігі жерде менен ұлықсатсыз бір шабақ алмайсыңдар – дейтін.
Тентек Шодырдың балықшыларды қорлауы, масқаралауы төтенше еді. Мысалы, Мөңке мен Әлиза шиеттей тоғыз бүлдіршінін жер қойнына беріп, енді сүт кенжесінің шырағы сөнгенде жерлеуге де мұрсат бермей, Тентек Шодыр оспадарлық жасап, балықшыларды мұз үстіне шығармақшы болып, сүзеген бұқадай Еламанның ар-намысына тиіп: «Аз-и-ат! Дикарь!» деп жағынан осып жібергені бар.
Жел қуған қаңбақтай Тентек Шодырдың жайын жас офицер Федоров былайша пайымдайды: «Енді бақса... әкесі байғұс, керек десе көзі тіріде адамға ұқсап дұрыс өмір сүрмепті. Қатын, бала анда, өзі бұнда. Ат аяғы жетпейтін қу далада тілі, діні бөлек жабайы халық арасында есіл-дерті мал табам, бай болам деп жанын жалдап жүргенде, ақырында кісі қолынан қаза тапты. Сүйегі далада қалды. Күл шыққандай, өлігін де ауыл сыртындағы төбенің басына апарып, тізеден қазған шұқырға көме салыпты. Қабір басына шанышқан ағаш кресті де осы ауылдың түйелері сүйкеніп құлатып кетіпті».
Сөз зергері Ә.Нұрпейіс жас офицердің түрін, кескінін, кекесінін, өзімшілдігін және Құдайменде, Темірке, Ақсақ Жагорлардың «жел соққан қамыстай жапырылып, иіліп-бүгіліп» жатқанын қызғылықты суреттейді.
Еламан мен інісі Райдың қол-аяғын кісендеп Шалқарға айдап бара жатқанда түйе қораға қамайды.
Айғаншаның анасы:
– Бұл үйге қонғыларың келсе, бар, барыңдар, аналарды алып келіңдер! – деді ақырып.
– Қария-ау, олар кісі өлтірген, қылмыс...
– Өй, қарабет! Имансыз. Қанша кісі өлтірсе де, олардың қылмысы сендердің қара жүрек, тас бауырлықтарыңнан артық болмас.
Асылы, кейуананың сөзінде ізгіліктің жұпары ескендей.
Жазушы Ә.Нұрпейіс Еламан мен ойы озық кемпірдің арасындағы диалогты былайша өрбітіп өрістетеді:
– Қадірлі ана, біз теңіз жағасында тұратын балықшылар ауылынанбыз.
– Е-е! «Адамның басы – Алланың добы». Не боларына кімнің көзі жеткен, – деді кемпір. Сәл отырғасын жүзін Еламанға қайта тіктеп – жөніңді білмесек те жүзіңді бірінші рет көріп отырмын. Қайдан білейін, адам аласы ішінде ғой. Түріңе қарасам, иманмен қаптап қойғандай екен, – деп еді кемпір, Еламанның үсік шалған беті сұрланып, біраз отырып барып:
– Кісі өлтіру кәсібім емес еді, қадірлі ана. Құдіреті жүріп тұрғандар оған қойды ма деп, демі дірілдеп тоқтады да, – қысқа күнде қырық өле бергесін, қайтейін, тым құрыса, бірін өлтіріп жастығымды алып жатқым келді. Қадірлі ана, біздің жайымыз осы, – деді.
Кемпір үлкен ұлы Төлеуге қой сойғызып, қонақасы бергізеді.
Кемпір Еламанмен емен-жарқын сөйлесіп отырып: – Бір істі істеп салған екенсің, шырағым. Оң-терісін біз қайдан білейік. Тек, әйтеуір, өзіңнен төмен әлдекімдерден қорлық көріп, күнде-күнде өле бергенше, бір тірлікте бір өлген де дұрыс шығар, – деді.
Ол тәжірибе, түйсік, ақыл, қазақы мінездің сөзін жеткізген.
«Қан мен тер» ұлттық эпопеясының бірінші кітабы «Ымыртта» Құдайменденің болыс сайлануы, Тәңірбергеннің әкесі Абыралы найзагер мен Еламанның әкесі Науанның айқасы, Мөңке қасіреті, Кәленнің Құдаймендені жуан дойырмен қақ бастан қақырата сілейтуі, Тәңірбергеннің болыс ағасы Қаратазға Кәленнің көзін жой деп кеңес беруі, олардың урядник алдында жалпақтауы және Кәлен мен Еламанды оңдырмай сөгуі, Кәлен, Мөңке, Тәңірбергеннің ұшырасуы, Пешір мен оқыған жігіт Жасағанбергеннің жалған айтуы, кей ретте Пешір бала Кәленді қол-аяғын матап ұстауға оқталғанда Жасағанбергеннің «Сені де халқың оқыған, көзі ашық азаматым дейді-ау! Орыс тілін сен өз әлсізіңді талау үшін үйренген екенсің ғой» деуі қандай әсерлі, Кәленнің тұлғасы мен істері туралы мәліметтер, серпіні сегіз Құдайменденің Ебейсін үйінде Кәленді соққыға жығуы, Еламанның Сібірге айдалуы, Тәңірбергеннің Ақбаланы үйіне кіргізіп алуы, Әлібидің қызы Бөбектің ұзатылу тойы, Ақ патшаның қазақ жігіттерін солдатқа алуы, Еламанның елге оралуы, Курнос Иванның қаныпезерлігі яғни бір бөшке қарамайды теңіз жағасындағы ел рыздығы қамысқа от қоюы, Ақ патшаның жазалаушы отрядының күлпаршасы шығып ойсырауы, Кәленнің әскери өнері мен өнегесі, Судыр Ахметтің Кәленді «Абылайша ақ киізге көтеріп хан сайламақ» ниетінің болуы үздік суреткерлікпен өрнектеледі.
«Сергелдең» романының тақырыптық, сюжеттік оқиғаларына ден қойсақ, мұнда қоңторғай халықтың атақонысынан ауа көшуі, жоқшылық, қайыршылық, тасбауырлық, неше түрлі алым-салықтың көбеюі (мысалы, ақ қой салығы), жұмысшылар ереуілі, он алтыншы жылы қара жұмысқа жегілген жігіттердің елге оралуы, Тәңірбергеннің Еламан мен Кәленнің көзін құртуы, Ақбаланың үсті-үстіне тағдырдың талқысына ұшырай беруі, безбүйрек Ебейсіннің Сүйеу қартты табалауы, «кісі көңілін әріден топшылайтын», «жер түбінен ойлайтын» Есбол қарияның Шалқарға Еламанды іздеп келуі, балықшылар ауылының қысқа күнде қырық қырқысып, береке-бірліктен айырылуы, Мюльгаузен мен Еламанның жаға жыртысуы, Селиванов Еламанды революциялық күреске тартпақшы еді, бірақ оған Еламанның көнбеуі, «ескі қыстау – елдің құты» дегендей Еламанның «Нелер заманнан ата-бабалар жайлап, ұрпақ өсірген, өскен, өнген жеріне» оралуы, ғазиз жандармен дидарласуы, Сүйеу қартпен амандасуы, түрікпендер қаһары, шапқыншылығы, дәстүрі суреткер Ә.Нұрпейіс тілімен айтқанда, «беті бір қатты заманның кейпі» кеңінен кемел сипатталады.
Зобалаң заман, қан кешу, қазақтың қасиетті жеріне от пен судай шарпысқан ақтар мен қызылдардың өңмеңдеп, баса-көктеп халықты қанжоса қырғынға, ашаршылыққа, үркіншілікке, дағдарысқа ұшырату жайы «Күйреу» романында көркемдік қуатпен, өнерпаздық құлшыныспен жырланады. Дәуір даусындай романның басты кейіпкерлері – Мюльгаузен, орыс-түрік соғысында полк басқарған Хан – Дауров, Ознобин, Селиванов, Дьяков, генерал Чернов, ротмистр Рошаль және де адмирал Колчак (жазушы Колчак образын сомдау мақсатында Жоғарғы ставкада қызмет істеген генерал-лейтенант, барон Алексей Будбергтің күнделігіндегі мәліметтерді пайдаланған) пен Атаман Дутовтың әскери қимылдары турасында. Сонымен қатар сол бір заманның айғағындай, айнасындай, куәгеріндей «Күйреудің» көркемдік-эстетикалық мазмұны мен архитектоникалық-құрылымына жойқын қызмет жасайтын беломыртқаға лайық қаһармандар: Еламан, Ақбала, Тәңірберген, Жасағанберген бар. Оқиға осынау кейіпкерлердің қатысуымен өрістейді.
«Қан мен тер» трилогиясының көркемдік-стильдік бітімінде, суреткердің философиялық ойлау жүйесінде, сөз саптау мәдениетінде қымбат әсер тудырарлық, терең ойландырарлық, дүние-жалғанның, кейіпкер жанының ырғағын түсіндірерлік, заманның, қоғамның, тарихтың, ұлттық дүниетанымның, дәстүрдің мән-мағынасын ұқтырарлық мейлінше ішкі сырға, астарға, ишаратқа, иірімге, әуезге, суретке, пікірге бай барынша оралымды, көркемдік қуатқа кемел кесек-кесек, түйдек-түйдек поэзиялық сипаттаулар, меңзеулер, шендестірулер, салыстырулар, теңеулер, метафоралар, философиялық афоризмдер жеткілікті. Әбдіжәміл Нұрпейіс әрбір ой орамы, сөйлемі, сөз қолдану тәсілі ұшқыр түйсікке ие суреткерлік көзқарастан, философиялық жіті пайымнан, артықша зерделілік пен зеректіктен туындайды.
Академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың көрсеткеніндей, Нұрпейісов трилогиясы «отанымыздың ғасырлық тарихының айнасы» деуінде көл-көсір сыр бар. Жазушының әрбір сөзінің көркемдік қызметі мен мақсаты да өзгеше. Осы орайда «Ымырт» романының құлақ күйі іспетті «...Бетім-ай!.. Масқара-ай!..» дейтін Қарақатынның жан дауысындай айбарлы айғайы шылбырын ұстатпайды. Егер де шығарманың тұтастай әлеуметтік-идеялық мазмұнына, заманның кесір-кесапаттарына, мыңдаған машақаттарына, халықтың трагедиясына ой көзімен барласақ, шынтуайттап келгенде, зарлы заманның сұлбасын елестететін налыс, сөгіс толғау.
Әр кейіпкердің өзіндік болмысы, өзіндік көзқарасы, өзіндік байлам-түсінігі, өзіндік әрекеті, өзіндік дағды-машығы бар, өзіндік ойлау мен сөйлеу мәнері бар. Бұ да Әбеңнің роман жанрының көркемдік шарттарын, киелі ұлық қасиеттерін жүйрік меңгергендігінің дәлелі.
Айталық, Құдайменденің тұрмыс-тіршілік, өмір жолындағы ұстанған мақсат-мұратын: «Қаратаз дүние боғын домалатқан қара қоңыз емес пе?!» деп бір сөйлеммен қайырады.
Судыр Ахметтің адами қалпы Бижамалға айтқанынан-ақ көрінеді:
«Оу! Ой! Бижамал-ау, теңіз... бұл теңіз ше... үй іргесінде шалқып жатқан көк теңіз бар-ау, түбі жоқ ырзық қой. Көктен салбырап түсіп тұрған несібең ғой... Пісулі асың ғой».
Әбең өз кейіпкерлерінің сыртқы түр келбетін, көрініс-кейпін, мінез-құлқын, моральдық-психологиялық ерекшеліктерін, жүріс-тұрысын, сонымен қатар кейіпкердің характерін түрліше жағдайлар барысында, күрделі, қат-қабат тартыстарда сын талқысына араластырып, атан түйе көтеретіндей зіл батпан бейнет пен азапты үйіп-төгіп шеберлікпен әсерлі бейнелейді.
Серілік пен көкжалдықты болмысына дарытқан жас жайнақ Кәленді «Әр талы айғыр жалындай сұйық мұрт тікірейіп, қара сұр бұжыр беттің түсі қатты бұзылып кеткен екен» деп суреттейді.
Аталы жұрттың басы, алтын ердің қасы Сүйеу қарт хақында: «Аппақ қудай шалдың сақал-шашы ту сыртындағы терезеден түскен қысқы күннің сәулесіне шағылысып, қақ төрде қазықтай шаншылып апты? Үйіне келген Ебейсінді көзге ілмеді. Жүрек түкпірінде Еламан мен Райдың ұсталғаны мазасын әбден алған-ды. Іштей ыза буып, Ебейсінге көз қиығын қадайды. Осы бір мезетті: «Көз қиығында: «Жұрт сені төре деп төбесіне көтере берсін. Өзің де төре болуға тырысып, өңіріңе жез түймелеріңді жалтыратып таға бер... Бешпет, шалбарды да сыптай ғып тарылтып, қанша тыраштансаң да, сен әлі шіп-шикі баласың» деген кекесін тұрғандай» деп, қарттың ішкі ойын паш етеді.
Бір ұрты май, бір ұрты қан, бір қолымен от көсейтін, бір қолымен шоқ көсейтін Құдаймендені «іркіт құйған местей, лықылдап майға бөккен денесін әрі-бері шайқап, ырқ-ырқ күлді» деп келістіріп жазады.
Судыр Ахметтің образын тамашалайық: «Өн бойында ойдағыдай ғып жаратқан бір мүше жоқ екен. Не артық жасап арбиып, не кем жасап ойсырап мін боп тұр; бір бас пен бір бет алдының өзінде талай оғаштық бар; ұстарамен тықырлап алғызған басы шақшақайдың жұмыртқасындай көгіс; төбесі сопаң; құлағы тым рабайсыз үлкен; ақ жарғақ, аламан құлақ алыста әлдебір дыбысты сезгендей елең етіп, ілгері ұмтылып тың тыңдап қалғандай». Бұл – портрет психологиясының классикалық үлгісі.
Арал теңізі қазақтың ырыздығы еді. Ата-бабаларымыздың өсіп-өркендеген өлкесі еді. Осы бір келелі ойды Кәлен былайша кестелейді: «Ау, Арал, қарашекпеннің байы қазып шығарған теңіз емес, құдай берген бәрімізге ортақ теңіз емес пе?».
Немесе: «Қаракөздер мен айнакөздер де қыз өңіріне қадаған күміс теңгедей жылтылдайды»...
Ебейсіннің «тоңы ойылмағандай тобарсыған беті бүлк етпеді» деп жазады. Тағы да «бөккен балшықтай» деп үстемелей түседі. Нағыз қайырымсыз, жүрегі елжіремейтін жанның бет-әлпетін, яғни көн бетін айнытпай келісті келтірген. «Жалғыз түйелі шолақ көштің ішінде Қара кемпір мен шиеттей балаларды үйіне жолатпаған-ды».
Достың татар саудагері Темірке турасында: «Иә, Темірке деген құрдым шықты ғой. Құдайдың көк теңізін де бұйыртпай, өзіне еншілеп алды» дегенінде, қазақтың өз қолы өз аузына жетпегенінің дәлелі.
Софы Аллаярдың «Мағына кенінің кілті – тіл, оған бір нүкте артық түссе зиян болады» дегені бар. Әбеңнің тұтастай көркем шығармашылығына тән бір сипаты – сөзді дәл қолдану яғни ой мен сөздің үйлесімін мұқият қадағалау, зерделеу, пайымдау.
Сөз – ойдың сәулесі, даналықтың, көсемдіктің, көрегендіктің, естіліктің көрсеткіші. Көркемсөз шебері Әбең ойдың асылын; сөздің шолпанын сұрыптап, іріктеп, ірісін, тірісін қолданады. Есбол қария, Мөңке мен Әлизаның оныншы баласы о дүниелік болғанда: «Сен өлген балаңа жылап жатырсың, менің, тым құрыса, молада да тілекшім жоқ екенін неге ойламайсың» деген сөзіндегі атан ғана арқаларлық зіл салмақ бар десейші!
Тәңірбергеннің ағасы Құдаймендеге кеңесі: «Бақыт – басқа қонған құс, қолына шыбық ұстаған жас баладан да қорқады».
Еламанның тектілігі жөнінде айтсақ, оның жетінші атасы Тойғожа батыр қызыл қырғын соғыста «жау марқайып кетеді» деп, садақ оғы тиген аяғын қанжығаға қайырып байлап тастап соғыса беріпті. Кейін ұшына тиіп, өлуге қарағанда би ағасы Қыдырбай сынықшы алғызып, тізеден төменгі жағын кескізіп тастатқан еді. Сонан ел арасына «ақсақ бөрі» атанып еді. Тойғожа батыр не үшін соғысты? Өмірі жорықта өткенде көкейіндегі арман не? Біз ше? Біздің нені ұтып, неден ұтылғанымызды кім біледі?»
Тәңірбергеннің алдамшы жалған жайындағы ішкі монологын тыңдайық:
«Ит өмірде мен қимайтын не қалды?» деді. Үстіндегі аспан ба? Шақырайған күн бе? Бедеу қатындай безеріп алған мына адыра қалғыр қара жер ме? Әлде, ұры тонаған үйдей өзегі талған кісіге беретін бір жұтым суы жоқ шөл ме? «Опасыз дүние». Абзалы – көңіл торықпасын. Көңіл торықса – осынша дүниеден тырнақ ілінер түк табылмайтынын қайтерсің. Қызығы таусылғанда, бұ да көңілің суыған қойныңдағы қатыныңдай қадір де, қасиет те қалмай ма, қалай?
Адамның сірә да ақылына сыймайтын түпсіз тұңғиықтың тереңі санаңа жетпейтіні белгілі. Ал... оның бергі жағы ше? Әлгінде аузы түкті кәпір алқымыңнан алғанда есіңде ме, аспан небәрі ұлтарақтай боп, дүние күйген терідей бүрісіп қалып еді».
«Әттең, не пайда, сен... иә, сен, тым құрыса, сол әлгі ұлтарақтай бүрісе қалған аспанның ар жағында жатқан жұмбаққа не санаң, не зердеңнің жетпегенін қайтерсің...
Адамды адамға айдап салған біз емес, заман еді ғой. Оу, заманым қасқыр болса, мен қалай көгендеулі қозы болам?
«Піссіміллә рахман рахим». Жаңа ғана шайып жуғандай көгілдір аспан иманы бетінде мөлдіреп тұр екен.
Жаратушы Ие-ау, ендігі ақиқат та, адалдық та аспанда қалған ба? Мырза Тәңірберген «Аспан әділ! Әділ!» деп, осынау опасыз сұм жалғаннан кеш байқаған бір шындықты жаһаннамға жар салғысы келіп еді. Әт-тең дүние, үні шықпады...»
Әбеңнің «Әдебиет – әдеп» деп жазғаны бар, әдеп бар жерде әділдік салтанат құрады. Адамзаттың абзалдық қасиеттерінің ұлысы – әділдік. Заманның, қоғамның, адам баласының көркеюі де, жүгінері де – әділдік. Тіршіліктің бұралаң жолдары мен соқпағында темірқазық жұлдызындай адастырмайтын да – әділдік. Қалай болғанда да Тәңірбергеннің әділдікті, тазалықты мойындауы да тамаша бір шешім, есті тірілерге ерекше ескерту. Суреткер қағидаты осы.
Ұшан-теңіз көркемдік тәжірибелерге толыққан, жалпыхалықтық тілдік қорына бай, ой-өрісі, қиял өресі, білімі байтақ, тарихи деректерге жүгінген, суреткерлік көзқарасы кемел Әбді-жәміл Нұрпейістің «Соңғы парыз» дилогиясында теңіздің тартылуы, өзен-көлдің сарқылуы, жердің азғын-тозғын күйге душар болуы, топырақтың құрамында тұздың көбейіп, тұщы судың көзі құрдымға жоғалуы, киіктердің теңіздің ащы суын ішіп қырылуы, ырғалған қалың елдің ауа көшуі әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан келісті өріледі. Шығарма сыр дариясы іспетті. Мұндағы басты кейіпкерлер Жәдігер, Әзім, Бәкизат, Сары Шая, Қожбан, Көткеншек Көшен соншалықты нанымды, өзіндік мінез-құлық ерекшеліктері мен сипаттарға бай. Негізінде, «Соңғы парыз» дилогиясы дүркіреген дүлей жаһандану заманының зарлы жоқтауындай.
Тайбурылдың шабысындай шамырқанған қуатқа ие Әбеңнің «Курляндия» романынан бастап, «Қан мен тер» трилогиясына дейінгі, одан бергіде жалғасқан «Соңғы парыз» дилогиясында бір ғасырдың, бір халықтың тұтас тағдыры мен тарихы барынша суреткерлікпен көрсетілген.
Асылы, халықтың көркем ойы мен ұлттық санасы тарихында абыз Әбеңнің шығармалары айрықша бір көркемдік мүлік.
Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор
"Егемен Қазақстан"