Юлия Галышева Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңін екінші айналымнан бастайды. Бұл шешімді бапкерлер кеңесі қабылдады, деп хабарлайды Olympic.kz.
«Іріктеудің бірінші кезеңіне қатыспай, бірден екінші айналымнан бастау туралы шешімді бапкерлер қабылдады. Бұл ешім халықаралық федерация регламентіне сай келеді әрі Ұйымдастыру комитетімен келісілді. Юлия бүгінгі бәсекеге қатысуға дайын еді, алайда, ПТР тесттің теріс шыққаны туралы ақпар жарыс басталғаннан кейін белгілі болды. Бұл әдеттегідей жағдай емес. Бүкіл Бейжің Олимпиадасының ұйымдастырылуы да ерекше екені айтылып жатыр. Барлық қатысушылар күн сайын тапсыратын ПТР тестте қарама-қайшылық көп және бұл мәселемен тұтас делегация да бетпе-бет келіп отыр. Ең бастысы – Юлия өзін жақсы сезінуде және 6 ақпан күнгі бәсекеге дайын», - деді ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков.
Фристайл-могулдан команда бас бапкері Елена Круглыхина жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
«Бұл Олимпиада не болатынын болжау өте қиын. Міне, басталғаны бүгін ғана, ал осыған дейін қаншама жайттар бастан өтуде. Біз үшін алаң болмаңыздар, спортшыларда бәрі жақсы. Юлия өзін жақсы сезінуде, жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Баршаңыздан қолдау күтеміз, бізге жанкүйер болыңыздар», - деді бас бапкер.
Еске сала кетейік, әйелдер арасындағы екінші іріктеу кезең 6 ақпанда, ерлер арасындағы дода 5 ақпанда өтеді. Финалдық кезеңдер де осы уақытқа жоспарланған.