Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевтың Токиодағы мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Иә, соңғы статистика, өзбекстандық қарсыласымен болған соңғы жекпе-жектердің көрсеткіші Қамшыбектің пайдасына шешіліп тұр деп айтуға келмейді. Жалолов әлемдік рейтингіде өзін жақсы көрсетіп, соңғы жарыстардың бәрін ұтып шықты. Бірақ, Қамшыбекке сенеміз және үміттенеміз. Бұл супер ауыр салмақ. Сондықтан бәрі болуы мүмкін», - деді Ұлттық құрама тізгіншісі.
Боксшы жігіттердің бас бапкері Олипиада ойындарында әрбір кезеңдегі қарсылас басты бәсекелес екенін ескертіп, Қамшыбек әуелі қазір жолында тұрған қарсыласына қарсы дайындығын пысықтайтынын атады.
«Тағы да қайталап айтам, чемпион болу үшін әуелі финалға дейін жету керек. Олимпиада чемпионы атану үшін әуелі алғашқы ұрыста жеңу керек. Көбінесе спортшылар өзін финалда елестетіп қателеседі. Егер бірінші айқаста жеңбесең, чемпион түгіл жүлдегер де бола алмайсың. Сондықтан әр қарсыласқа жекпе-жек сайын жоспар құрып, дайындаламыз», - деді Ғалымбек Кенжебаев.
Еске салсақ, бүгін Токио Олимпиадасында бақ сынайтын боксшылар арасында жеребе тарту рәсімі өтті.
+91 келі салмақта бақ сынайтын Қамшыбек Қоңқабаевтың алғашқы қарсыласы мысырлық Есри Рез Мұстафа болып бекітілді.