Бокстан Қазақстан құрама командасы Бангкоктегі Азия чемпионатынан оралды. Былғары қолғап шеберлерінің еншісінде құрлық біріншілігінің 2 алтын, 2 күміс және 3 қола жүлдесі бар. Команда мүшелерінің Азиядағы аяқ алысына қандай баға береміз? Жас боксшылардың топ жарып, тәжірибелі спортшылардың тұғырдан көрінбеуіне не себеп? Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев толығырақ айтып берді, деп хабарлайды Olympic.kz.
Құрлық додасының деңгейі биік
- Азия чемпионатының деңгейі жыл сайын арта түсуде. Осы жолы соған тағы да көзім жетті. Әсіресе, Үндістан командасы қарқынын көбейтіп, Өзбекстан бұрынғы әлеуетін арттыра түскен. Сондай-ақ, Тәжікстан боксшысы тұңғыш рет Азия чемпионы атанып, тәжірибелі тайландтықтар медальсіз қалды. Мұның бәрі бокстың барлық елде қанат жайып, бәсекелестер қатары молайғанын көрсетеді. Оңтүстік Корея спортшыларын да есептен шығаруға болмайды. Бұл біріншілік біздің біраз қателігімізді көрсетті. Мойындау керек, әлі кемшілігіміз бар. Енді солардың алдын алуға тырысамыз.
Левит таза жеңілді
- Бангкок шаршы алаңында біздің тәжірибелі екі боксшымыз жанкүйер үдесінен шыққан жоқ. 56 келідегі әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев өзінің бабында еместігін көрсетті. Василий Левит жартылай финалда нокдаунмен жеңілді. Левиттің жеңілісі көпшілік арасында көп пікір тудырғанымен, оның таза ұтылғанын мойындау қажет. Өйткені, бұл – бокс. Естен тандыратын соққыны кез-келген боксшы алуы мүмкін. Ол үшін жас немесе тәжірибелі болудың қажеті жоқ. Левит қарсыласының ауыр соққысын жіберіп алды да, жеңіліс тапты. Спортшының жасы үлкейген сайын жеңіске жетудің қиындап кететінін де ұмытпау қажет.
91 келіде Василийдің ізін басатын боксшылар жоқ емес. Бірақ оларға әлі біраз еңбектену керек. Қазақстан чемпионатында Бекзат Нұрдәулетов финалға дейін сүрінбей, ақтық сында Васяға жол берді. Демек, ол осы салмақтағы еліміздің ең мықты боксшысы. Сондай-ақ, жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Айбек Оралбай да талантты спортшылардың бірі. Бірақ ол әлі үлкен жарыстардың дуына түскен жоқ. Левитпен де ресми түрде жолықпады.
Азия біріншілігіне алып барған ардагер боксшылардың ішінде Зәкір Сафиуллинді ерекше атап өткім келеді. Тәжірибелі әрі өте еңбекқор жігіт. Финалда жеңілсе де, осы салмақта еліміздегі ең үздік боксшысы болып тұр.
Төрешілер беделге қарайды...
- 75 келідегі Тұрсынбай Құлахмет өз мансабында алғаш рет Азия чемпионы атағын иеленіп, еліміздің Әнұранын шырқатты. Ол өзбекстандық Исраил Мадримовты жеңгенін бәріңіз білесіздер. Осы жекпе-жектен кейін өзбек тарапы төрешілер шешімімен келіспей, сары қағаз көрсетті. Негізі, қарсылық танытып, сары қағаз көрсету жүйесі әлі ресми түрде жүзеге асқан жоқ. АІВА бұл жүйені әлем чемпионатынан бастап қолданысқа енгізуі мүмкін. Сол себепті, құрлық біріншілігінде сынақтан өткізу мақсатымен бәрімізге екі сары қағаздан берді. Яғни, күмән тудырған екі кездесуге біз қарсылық танытып, аппеляция бере аламыз. Бангкокте біз сары қағазға жүгінген жоқпыз.
Ал Өзбекстан бапкерлерінің Мадримов жеңілісімен келіспеуі орынсыз. Төрешілер 4:1 есебімен жеңісті бізге берді. Демек, Құлахмет өз мықтылығын дәлелдеп отыр. Қарсыластардың дәл бұлай әрекет етуіне Исраилдың беделі де әсер еткен шығар. Өйткені, Мадримов Өзбекстан құрамасының көшбасшысы, бет-бейнесі саналады. АҚШ-та кәсібилер арасында жұдырықтасып жүр. Сондай танымал боксшының Тұрсынбай сынды жас спортшыдан жеңілгені олардың шымбайына батқан шығар. Кейін Мадримовті қонақүйде көрдік. Бет-аузына біздің баланың біраз соққылары тиген, жарақаты көп екен.
Жалпы, мұндай кездесулерден соң сары қағаз көрсету арқылы Өзбекстан тарапы төрешілерге ықпал жасауда. Бүгінде әуесқой бокс әлемінде өзбек боксшыларының беделі мықты болып тұр. Тең деңгейде өткен жекпе-жекті төрешілер өзбек боксшысының пайдасына шешеді. АІВА-да оларға оң көзбен қарайтынын бәріңіз білесіздер. Сондықтан, мұндай жекпе-жектерде айқын басымдықпен жеңу қажет.
Бекке босаңсуға болмайды...
81 келіде Азия чемпионы атанған Бек Нұрмағамбетке әлі көп еңбектеу қажет. Оның салмағындағы үздік боксшылар негізінен Еуропа мен Америкада. Өзбекстан құрамасының үздігі Бектемір Меликузиев те биылғы Азия додасынан сырт қалды. Сондықтан, Бекке қателіктермен жұмыс істеген дұрыс.
Әлем чемпионатына аттанатын құрам Президент кубогінде анықталады
- Ертең Қызылорда қаласында бокстан Қазақстан Спартакиадасы басталады. Аталған сында жастардың деңгейін байқап көреміз. Азия чемпионатына қатысқан құрам жарыстан босатылды. Содан соң, Президент кубогі додасы күтіп тұр. Сол бәсекеде әлем чемпионатына қатысатын құрам толығымен анықталады. 75 келідегі Әбілхан Аманқұл мен Тұрсынбай Құлахмет, 69 келідегі Абылайхан Жүсіпов пен Асланбек Шымбергеновтер арасындағы жеңімпаздар әлемдік сынға жолдама алмақ.