Футзалдан Қазақстан құрамасы ЕУРО-2022 финалдық сатысының жеребе тарту рәсімінде бірінші себетте болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі UEFA сайтына сілтеме жасап.
Құрлықтық дода 2022 жылдың 19 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында Нидерландының Амстердам және Гронинген қалаларында өткізіледі. Онда барлығы 16 құрама бақ сынайды.
Құрамалар төрт топқа бөлініп, өзара сынға түседі. Әрбір топтан алғашқы екі орынға ие болған құрамалар жарыстың келесі сатысына жолдама алады.
Қазір құрамалар төрт себетке бөлінген. Алғашқысында Испания, Ресей, Португалия, Қазақстан орналасса, екіншісінде Хорватия, Әзербайжан, Сербия немесе Беларусь, Италия жайғасқан. Ал үшіншісінде Украина, Словения, Босния және Герцеговина, Польша болса, төртінші себетте Финляндия, Словакия, Грузия, Нидерланды бар.
Айта кетейік, жеребе тарту рәсімі 18 қазан күні өтеді.
Қазақстандық футзалшылар Еуропа біріншілігінде 2016 жылы алғаш рет қатысты. Сол жылы топтық кезеңде Ресейден 1:2 есебімен жеңіліп, Хорватиядан 4:2 есебімен басым түсті. Одан кейін ширек финалда Италияны 5:2 есебімен сүріндірді. Жартылай финалда Испанияға 3:5 есебімен жол берді. Ал 3-орын үшін сайыста Сербияны 5:2 есебімен жеңіп, қола жүлдегер атанды.
2018 жылғы құрлықтық додада B тобында Польшаны 5:1 есебімен жеңсе, Ресеймен 1:1 есебіне қанағат білдірді. Ал ширек финалда Сербиядан 3:1 есебімен айласын асырды. Жартылай финалда Испаниямен негізгі кезеңде 5:5 есебімен тең ойнап, пенальтиден 1:3 есебімен есе жіберді.