Бүгін қазақстандық «Қайрат» футзалдан UEFA Чемпиондар лигасы элиталық сатысындағы алғашқы ойынын Беларусь елінің «ВитЭн» клубына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қос команда бір-біріне лайықты қарсылық көрсетті. Алғашқы минуттарда беларусьтік футзалшылар алға қарай ұмтылды. Нәтижесінде олардың қатарынан 1-минутта Олег Еремин есеп ашты. Ал 3-минутта алматылық клубтан Савио таразы басын теңестірсе, 12-минутта Альберт Ақбалықов «Қайратты» алға шығарды. Дегенмен 12-минутта қазақстандық команда қақпасына Павел Роговик гол соғып, қайтадан таразы теңесті.
Екінші кезеңде «Қайрат» белсенді бастады. Қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Беларусь командасы оған лайықты қарсылық танытты. Қазақстандық Шығыс Есенаманов 30-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Кездесуде «Қайрат» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті.
«Қайрат» енді 3 желтоқсанда «Аньер-Вильнев» клубымен кездессе, 5 желтоқсанда «Тюмень» клубымен ойнайды.
Еске салсақ, алматылық клуб А тобында сынға түседі. Қарсыластары - «ВитЭн» (Беларусь),«Аньер-Вильнев» (Франция) және «Тюмень» (Ресей) командалары.