Бүгін футзалдан әлем чемпионатының финалдық сатысы топтық кезеңіндегі екінші ойынында Қазақстан құрамасы Литвамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінгі кездесудің екі құрама үшін де маңызы зор болатын. Жеңіске жеткен жағдайда турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алатын еді.
Кездесу қазақстандық футзалшылар үшін сәтті басталды. Ойынның небәрі 24 секундында Тайнан есеп ашып кетті. Бұдан кейін қазақстандық құрама бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Десе де литвалық ойыншылар оған лайықты тойтарыс бере білді.
Екінші кезеңде де қазақстандық футзалшылар басымдығын арттыра түсті. Нәтижесінде 30-минутта Дәурен Тұрсағұлов мергендік танытса, 35-минутта Альберт Ақбалықов есепті үстемеледі.
Қазақстан құрамасы осылайша қарсыласын 3:0 есебімен жеңді. Турнир кестесінде алты ұпаймен көш басына шықты.
Қазақстандық футзалшылар А тобында сынға түседі. Қарсыластары - Литва, Венесуэла, Коста-Рика.
Алғашқы кездесуінде қазақстандық футзалшылар Коста-Рикадан 6:1 есебімен басым түсті.
Қазақстандықтар енді үшінші турда 18 қыркүйекте Венесуэламен шеберлік байқасады. Аталған құрама бүгін Коста-Риканы 1:0 есебімен тізе бүктірді.
Әлем чемпионатының финалы 3 қазанға белгіленген.
Қазақстан құрамасы бұдан бұрын әлем чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте бақ сынады. 2000 жылы бірінші кезеңнен аса алмаса, 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетті.