01 қаз, 2021 сағат 02:39

Футзалдан ӘЧ: Қазақстан құрамасы пенальти сериясында Португалиядан жеңілді


Футзалдан Қазақстан құрамасы Литвадағы әлем чемпионатының жартылай финалында жеңілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Финалға берілер жолдаманы қазақстандықтар Еуропа чемпионы Португалиямен сарапқа салған. Матч 2:2 есебімен аяқталып, пенальти сериясында португалиялықтар жеңіске жетті. 

Үзіліске дейін командалар есеп аша алмады. Бірақ Біржан Оразов гол соққан еді, төреші бейнебақылауды қарағаннан кейін голды есепке алған жоқ. 

Бірінші таймда Португалия құрамасы жиі шабуылдағанымен, Қазақстан футзалшыларының кей соққысы өте қауіпті болды. Алдымен Тайнан тепкен доп маңдайшаға тисе, кейін Біржан Оразовтың соққысынан кейін португалиялықтарды бағана құтқарып қалды.

Екінші таймның басында Анилтон Сезар Пани Португалия құрамасын алға шығарды. Кейін Қазақстан құрамасы шабуылды шабуылға ұластырып, есепті теңестуге тырысты. Шабуылдардың бірінде қақпашы Игитаның соққысы тағы да қақпа бағанасына тиді. 

Кездесудің бітуіне 40 секундтан аса уақыт қалғанда Дәурен Нұрғожин бос қақпаны дәл көздеп, таразы басын теңестірді. Командалар, осылайша, овертаймға ауысты. Бұл тұста Дуглас айып алаңынан дәл соққы жасап, Қазақстанды алға шығарды. 

Дегенмен, Қазақстан құрамасы бұл есепті ұстап қала алмады. Матч аяқталар тұста поругалиялықтар есепті теңестіре алды. Ал пенальти сериясында Португалия құрамасы дәлдік танытты. 

Енді Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының қола медалін Бразилиямен сарапқа салады. 

Ал финалда Аргентина мен Португалия құрамалары күш сынасады.