Фото: Қазақстан футзал федерациясының сайты
Ерлер арасында футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылы Өзбекстанда өткен әлем чемпионатының 1/8 финалында Португалия командасын жеңді, деп хабарлайды Ult.kz.
Қарсыластар бейсенбіде Әндіжанның Әмбебап спорт кешенінде кездесті. Матч 2:1 есебімен аяқталды. Қазақстандықтар 11-минутта Шыңғыс Есенамановтың голының арқасында алға шықты. Португалдар екінші таймның басында Зики Те (21-минут) арқылы есепті теңестірді.
Қазақстан құрамасының жеңіс голын негізгі уақыт аяқталуына 14 секунд қалғанда Дәурен Тұрсағұлов соқты.
Ұлттық құрама ширек финалға жолдама алып, Аргентина - Хорватия жұбының жеңімпазымен ойнайды.
Қазақстан құрамасының келесі кезеңдегі ойыны 30 қыркүйекте Ташкентте өтеді.
Айта кетейік, португалдар - өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары. Қазіргі уақытта олар ФИФА рейтингінде Бразилиядан кейінгі екінші орынды иеленеді.