Бүгін футзалдан Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының екінші іріктеу сатысындағы кезекті ойынын Черногорияға қарсы өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында қазақстандық футзалшылар сенімді ойын көрсетті.
Нәтижесінде бірінші кезеңде ел құрамасынан Жуниор Дуглас 1-минутта есеп ашса, Абдирасул Әбдіманапұлы – 3, Арнольд Кнауб 14-минуттарда есепті үстемелей түсті.
Екінші кезеңнің 21-минутында Альберт Ақбалықов мергендік танытса, Біржан Оразов 24 және 25-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ойын нүктесін 39-минутта Азат Валиуллин қойды.
Осылайша ел футзалшылары қарсыласынан 7:0 есебімен басым түсті.
Ел құрамасы бесінші топта сынға түседі. Қарсыластары - Словения мен Черногория.
Бұған дейін қазақстандық футзалшылар өз алаңында Словенияны 2:0 есебімен тізе бүктіріп, сырт алаңда Черногорияны 5:1 есебімен жеңді.
Өз тобында тоғыз ұпаймен бірінші орында келе жатқан Қазақстан құрамасы бір тур бұрын үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.
Енді құрамамыз 2023 жылдың 8 наурызында сырт алаңда Словениямен тағы бір мәрте кездеседі.
Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының финалдық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түсіп, 2021 жылы төртінші орынға табан тіреген еді.