Қазақстандық Біржан Оразов футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатында үздік сұрмерген атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстандық футболшы құрлықтық додада 7 гол соқты. Ол өзі қатысқан барлық кездесуде «қанжығасын майлады».
Алдымен топтық кезеңде Словения қақпасына бір гол салып, одан кейін Финляндия, Италия қақпашыларын екі мәрте қапы қалдырды. Ширек финалда Украинамен ойында да екі мәрте дәлдігімен көзге түсті.
Екінші орынға ресейлік Антон Соколов жайғасты. Оның еншісінде алты гол бар. Сұрмергендер сапындағы ресейліктер - Артём Антошкин мен Иван Чишкала бес-бестен гол соқса, тағы бір қазақстандық Дуглас Жуниор төрт голдың авторы атанды.
Еске салсақ, биылғы құрлықтық додада Қазақстан құрамасы да бәсекеге түсті. В тобында бақ сынаған отандастарымыз алғашқы ойында Словениямен (4:4) тең түсіп, одан кейін Финляндияны (6:2) және Италияны 4:1 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде 7 ұпаймен бірінші орын алды. Ал ширек финалда Украинаға 3:5 есебімен жол берді.