Футболдан Қазақстан кубогы жартылай финалына жолдама алған барлық команда анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ширек финалдағы соңғы ойында Қызылордада «Қайсар» мен Алматының «Қайраты» кездесті. Ойын барысында алматылық клубтан Вагнер Лав - 76, Артур Шушеначев 88-минуттарда мергендік танытты. Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Алғашқы ойында алматылықтар 3:0 есебімен басым түскен болатын.
Сондай-ақ, бүгін Қарағандының «Шахтері» өз алаңында «Таразды» 3:1 есебімен тізе бүктірді. Алғашқы кездесуде командалар 0:0 есебіне қанағат білдірген еді.
Еске салсақ, бұдан бұрын ширек финалда «Астана» (Нұр-Сұлтан) «Каспий» (Ақтау) командасын (3:3, 1:0), «Тобыл» (Қостанай) «Қызылжар» (Петропавл) клубын (1:0, 1:0) есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алған еді.
Енді жартылай финалда «Астана» мен «Қайрат», «Тобыл» мен «Шахтер» кездеседі. Командалар 1/2 финал ойындарын 6 және 20 қараша күндері өткізеді.
Финал 28 қарашаға белгіленген.