Бүгін футболдан Қазақстан кубогының жартылай финалы аясында алғашқы ойын өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл кездесуде Қарағандының «Шахтері» мен Қостанайдың «Тобылы» жасыл алаңға шықты.
Ойын барысында қарағандылық клубтың белсенділігі байқалып тұрды. Нәтижесінде олардың қатарынан бірінші кезеңде Идрис Умаев - 8, 45, Давид Атанаскоски 13-минуттарда мергендік танытса, оған 44-минутта қостанайлық клубтан Асхат Тағыберген бір голмен жауап қайырды.
Екінші кезеңде «Шахтер» сапынан Давид Мавутор 48-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ал «Тобыл» футболшысы Игор Сергеев 58-минутта есеп айырмасын қысқартса, 87-минутта қарағандылық Айдос Тәттібаев қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Шахтер» қарсыласын 5:2 есебімен тізе бүктірді.
Бұл кездесуде ел футболында тұңғыш рет VAR жүйесі қолданылды.
7 қарашада елордалық «Астана» мен Алматының «Қайраты» жарыстың аталған сатысында алғашқы ойынын өткізеді.
Қарымта ойындар 20 мен 21 қарашаға белгіленген. Финал 28 қарашада өтеді.