30 қаз, 2021 сағат 19:50

ҚПЛ: «Тобыл» - ел чемпионы


Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биылғы доп додасында бас жүлде Қостанайдың «Тобыл» командасына бұйырды. Қостанайлық клуб соңғы турда Оралда «Ақжайықты» 2:0 есебімен тізе бүктірді. 

Чемпиондықтан тағы бір үміткер - елорданың «Астанасы» өз алаңында Түркістанның «Тұранымен» 1:1 есебіне қанағат білдірді. 

Ал үздік үштікті түйіндеген Алматының «Қайраты» сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісуымен» 0:0 есебімен тең түсті.

Төртінші орын үшін таласта Петропавлдың «Қызылжары» Шымкенттің «Ордабасы» клубын 3:2 есебімен сүріндірді. 

Нәтижесінде төртінші орын петропавлдық командаға бұйырды. 

Сондай-ақ, бүгін сырт алаңда Қызылорданың «Қайсары» «Таразды» 2:1, Ақтаудың «Каспийі» «Ақтөбені» 5:1 есебімен тізе бүктірді. 

Ал Қарағандыда «Шахтер» «Атырауды» 3:1 есебімен жеңді. 

Енді Қазақстан кубогы жартылай финал ойындары өтеді. Жарыстың аталған сатысында «Астана» мен «Қайрат», «Тобыл» мен «Шахтер» кездеседі. 

Командалар 1/2 финал ойындарын 6 және 20 қараша күндері өткізеді. 

Финал 28 қарашаға белгіленген.