Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он төртінші туры басталады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ойындар 28 және 29 мамыр күндеріне белгіленген. Алғашқы күні үш жұп кездессе, екінші күнінде төрт матч өтеді.
Аталған турдың шымылдығы 28 мамырда елорда уақытымен 17.00-де «Қызылжар» (Петропавл) мен «Тараз» командалары кездесуімен ашылады. Одан кейін 19.00-де «Қайрат» (Алматы) мен «Қайсар» (Қызылорда), 20.00-де «Тұран» (Түркістан) мен «Жетісу» (Талдықорған) кездесулерімен жалғасады.
Ал 29 мамырда 18.00-де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Каспий» (Ақтау) мен «Астана» (Нұр-Сұлтан) болады. Аталған турды 20.00-де «Атырау» мен «Ақжайық» (Орал), «Тобыл» (Қостанай) мен «Ақтөбе» ойындары түйіндейді.
Он үшінші турдан кейін 33 ұпаймен «Астана» көш бастап келеді. Одан кейінгі орындардағы «Тобылдың» 28, «Қайраттың» 21 ұпайы бар.