29 қаң, 2025 сағат 11:57

Футболдағы ең сәтсіз дебюттер: Мессиден Хусановқа дейін

Фото: Ult.kz коллаж

Кез келген саладағы сияқты, футболда да алғашқы жұмыс күнін сәтті өткізу маңызды. Алайда қателіктер мен ойынның қысымына байланысты кей футболшылардың алғашқы ойыны ойдағыдай өтпейді. Ult.kz дебютін сәтсіз өткізген футболшыларды тізбектеді. Олардың арасында әлемге әйгілі жұлдыздар да бар.

Мойзес Кайседо

Фото:Chelseablues.ru

«Челси» «Ливерпульмен» таласта жеңіп шығып, Мойзес Кайседоны 115 миллион фунт стерлингке сатып алды. Бұл трансфер АПЛ тарихындағы ең қымбат трансферге айналды. Эквадорлық футболшы «аристократтар» сапындағы алғашқы ойынын «Вест Хэмге» қарсы өткізді. Ойын барысында ол көптеген қателіктер жіберіп, командасының жеңілісіне себеп болған пенальтиге жол берді. Бірақ маусым барысында ол өзінің деңгейін қалпына келтіріп, 2024/25 маусымында Премьер-лиганың ең үздік жартылай қорғаушыларының біріне айналды.

Тиаго Силва

Фото:m.stadion.uz

Тиаго Силва «Челсидің» қазірдегі ең үздік ойыншыларының бірі. Алайда оның ағылшын футболындағы алғашқы ойыны сәтсіз өткен. «Вест Бромвичке» қарсы дебюттік матчтың бірінші таймында командасы екі гол жіберіп алды. Футболшы қорғаныс шебіндегі ең нашар ойыншы ретінде бағаланды. Бірақ екінші таймда Маунт, Хадсон-Одои және Темми Абрахамның голдарының арқасында «Челси» жеңіске жетіп, Силваның сәтсіз ойыны ұмытылды.

Лионель Месси

Фото:yahoo.com

Ең үздік футболшылардың бірі саналатын Лионель Мессидің де Аргентина құрамасындағы дебюттік ойыны сәтсіз өткен. Венгрияға қарсы жолдастық кездесуде ол 63-минутта алаңға шығып, венгриялық қорғаушы Вилмош Ванчакқа қарсы дөрекілік көрсеткені үшін қызыл қағазбен жазаланып, алаңнан шығарылған. Көзіне жас алған Месси киім ауыстыру бөлмесіне кетіп қалған. Алайда оның кейінгі мансабының қалай өрбігенін бүкіл футбол жанкүйерлері мен мамандары жақсы біледі.

Абдуқодир Хусанов

Фото:ligas.ru

«Ланс» сапындағы бір маусымда-ақ үлкен танымалдылыққа ие болған өзбекстандық футболшы Абдуқодир Хусанов қысқы трансферлік терезеде бірнеше ірі клубтардың назарына ілікті. Оның айналасында шу көтеріліп, біраз басылымдар футболшы туралы жарыса жаза бастады.  Оның “Манчестер Сити” командасы сапына өтетіні де желіде қызу талқыланды. Ақырында ол «Манчестер Сити» ойыншысы атанды. Орталық қорғаушы 26 қаңтарға қараған түні АПЛ аясында «Челсиге» қарсы матчта негізгі құрамнан орын алды. Алайда ойынның 2-минутында Хусанов Эдерсонға пас беру кезінде қателік жіберіп, бұл қателік голға себеп болды. Екі минуттан кейін ол Палмерге қарсы ереже бұзғаны үшін сары қағаз алды. Екінші таймның 52-минутында оны Стоунз алмастырды. Алаңнан шыққан Хусановты жанкүйерлер қатты қошеметтей қоймады. Ойын “Манчестер Сити”дің жеңісімен аяқталды. Баспасөз беттерінде Хусановтың қобалжулы екені айтылып жатты. 

Дегенмен футболшының бейімделуіне уақыт бар, ол бұл жағдайдан тез шығып кетеді. Бапкер Гвардиола да ол туралы жылы пікір білдірді:

«Мен Абдуқодирді қателіктері үшін алмастырған жоқпын. Ол мықты ойыншы, мен оған сенемін. Тек оның сары қағазы болғандықтан, оны Стоунзға алмастырдым», – деді Гвардиола.


Бекболат Мұхтар