07 қыр, 2021 сағат 23:12

Футбол: Қазақстан жастары құрамасы Даниядан жеңіліп қалды



Бүгін 21 жасқа дейінгі жастар арасында футболдан 2023 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында Қазақстан екінші ойынында Данияны қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Еске салсақ, Қазақстан жастары I тобында сынға түсті. Қарсыластары - Бельгия, Дания, Шотландия және Түркия құрамалары. 

Бүгінгі кездесуде қос құраманың да жеңіске жету мүмкіндігі болды. Бірінші кезеңде екеуін де гол соғатын бірнеше сәт туындады. Алайда таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. 

Екінші кезеңде даниялық футболшылар басымдықты арттыра түсті. Нәтижесінде 78-минутта олардың қатарынан Виллиам Вик кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды соқты. 

Осылайша Қазақстан жастары қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді. 

Қазақстандық футболшылар бұған дейін биылғы жылдың 4 маусымында өз алаңында Бельгиядан 1:3 есебімен жеңіліп қалған еді. 

Турнир кестесінде қазақстандық ойыншылар екі ойыннан кейін төртінші орында келеді. 

Қазақстан енді 8 қазанда Бельгиямен сырт алаңа шеберлік байқасса, 12 қазанда өз алаңында Түркиямен жасыл алаңға шығады.