29 нау, 2022 сағат 23:55

Футбол: Қазақстан Молдованы жеңді


Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Молдовамен UEFA Ұлттар лигасы өтпелі сатысының қарымта ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ел құрамасы бас бапкернің міндетін атқарушы Андрей Карпович Молдоваға қарсы Игорь Шацкий, Ғафуржан Сүйімбаев, Нұралы Әліп, Сергей Малый, Александр Марочкин, Марат Быстров, Асхат Тағыберген, Исламбек Қуат, Владислав Васильев, Бактиер Зайнутдинов, Абат Айымбетов ойыншыларды шығарған. 

Алғашқы ойында Қазақстан құрамасы сырт алаңда Молдованы 2:1 есебімен тізе бүктірген еді. 

Сондықтан молдовалық футболшылар ойынды белсенді бастады. Нәтижесінде 13-минутта олардың қатарынан Игорь Армаш қазақстандық ойыншылардың қателігін ұтымды пайдаланып, қақпаны дәл көздеп кетті. 

Екі ойынның қорытындысымен таразы басы теңесті. Бұдан кейін қос құраманың да есепті өзгертетін мүмкіндігі болған. Екінші кезеңде қазақстандық футболшылар алға қарай ұмтылды. Алайда гол соғатын мүмкіндіктерді мүлт жіберді. 

Ойында Молдова 1:0 есебімен жеңді. Екі ойынның нәтижесімен таразы басы теңескендіктен ойын овертаймға ұласты. 

Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальтиде Қазақстанның жолы болды. Осылайша ел құрамасы 2022-2023 жылғы маусымда Ұлттар лигасының үшінші дивизионы үшінші тобында сынға түседі. Қарсыластары - Словакия, Беларусь және Әзербайжан. 

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы 2020/21 жылғы кезеңінде С лигасында Албания, Беларусь және Литвамен сынға түсіп, төртінші орынды місе тұтты.