24 қаз, 2016 сағат 10:32

Фунт құлдырап, юань құнсызданып, еуро әлсіреп барады — Доллардың дәурені

Қытай юаны қазан айының басынан бастап әлемдік резервтік валюталар қатарына қосылды. Енді ол АҚШ доллары, еуро, британдық фунт және жапон йенімен бірдей әлемдік деңгейде халықаралық сауда-саттықта айырбас өлшемі бола алады. Бірақ бұл айтулы жаңалықтың Қытай үшін және әлемдік нарық үшін анау айтқандай әсері сезілмейді. Себебі қазіргі халықаралық нарықтағы жағдай аумалы-төкпелі, әлемдік экономика сең соққан балықтай есеңгіреп, ал әлемдік валюталар қалт-құлт еткен жағдайда.

Дамыған елдер көз тіккен нарық

Өткен аптада әлемдік экономиканың тізгінін ұстаған ығай мен сығайлар Вашингтонға жиналды. Халықаралық валюта қоры мен Бүкіләлемдік банктің кезекті жылдық жиналысында олар әлемдік сауда-саттықтың қарқыны неліктен түсіп кеткенін талқылады.

Бірақ ғаламның озық ойлы экономистері мен қаржыгерлері, банкирлер мен лауазымды тұлғалар ортақ пікірге тоқтады, жалпыға тиімді шешім тапты деудің реті жоқ. Тіпті, Халықаралық валюта қорының «Әлемдік экономиканың бағдарлары» атты қалыңдығы бір елі баяндамасынан бұл сұрақтың нақты жауабын табу қиын.

Анығы, ХВҚ баяндамасында әлемдік ЖІӨ-нің биылғы өсімі 3,1 пайыз, ал келесі жылы 3,4 пайыз деп көрсетілген. Яғни, бұған дейін жасалған долбар сол күйі қалды.

Әлемдік нарықтағы соңғы жылдардағы өзгеріс – дамушы елдердегі өсім қарқыны артып келеді. Яғни, дамыған мемлекеттер дамушы нарықтардағы қарқынның бәсеңдемеуіне тәуелді бола бастады. ХВҚ есебіне жүгінсек, дамушы нарықтардың өсім қарқыны алдағы уақытта 4,1 пайыздан 4,6 пайызға дейін артады.

Британдық сарапшылар болса, дамыған мемлекеттердегі көңіл көншітпейтін жағдайдың түп себебін әлемдік сұраныстың азаюы мен инвестициялық іскерліктің бәсеңдеуінен және дамушы елдердегі тежелістен көреді. Осылайша, дамыған нарықтар дамушы мемлекеттердегі өсу қарқынына қарап отыр. Домалақ жердің жүзінде барлық ұлттар мен экономикалар бір-біріне байлаулы екені есте болғанымен, іс жүзінде ескерілмейтіні өкінішті. Әзірге, батыстық экономистер дамушы нарықтардағы қарқынның азаюына қынжылыс білдіріп, әлемдік экономиканың өсімін қалпына келтірудің амалын іздеумен әуре.

Британдық экономиканың өсімі тежеледі

Әзірге британ экономикасына Брикситтің салқыны тие қоймады. Шамасы, әлемдік нарықтағы ойыншылар бұл оқиғаның бар салмағын өлшеп-болжап үлгерген жоқ. Ал ХВҚ Ұлыбритания экономикасының өсімі биыл 1,8 пайыз деп болжады. Мұның алдындағы болжам 1,7 пайыз болатын. Бірақ келесі жылы бұл көрсеткіш 1,1 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.

Британ фунты өткен аптадан бастап тағы құлдырады. «Financial Times» газетінің жазуынша, британ фунты Брекситке қатысты референдум өткен күннен, яғни 23 маусымнан бері 16 пайызға арзандаған. Фунттың құлдырауы доллар бағамының тұрақтануына мүмкіндік берді. Ал британдықтар «арзан фунт экспорт көлемін арттыруға себеп болады» деп өздерін-өздері жұбатып отыр.

Бұл аз болғандай, Ұлыбритания инвестицияға ең тартымды бес мемлекеттің қатарынан шығып қалды. 2009 жылдан бері «сүйкімін» жоғалтпаған британ экономикасы үшін бұл жақсы жаңалық емес. «Bloomberg» агенттігі таратқан бұл хабарда британ экономикасының мазасын қашырған басты себеп ретінде Брексит пен валюта бағамындағы тұрақсыздық аталған. Ал «The Times» газетінің жазуынша, Брексит британ экономикасына 15 жыл бойы жылына 38-66 миллиард фунт стерлинг шығын әкелуі мүмкін.

Осылайша, Ұлыбритания қазірдің өзінде әлемдегі бесінші экономика мәртебесінен айрылды. Оның орнын Франция басты. Ал фунт бұдан әрі құнсыздана берсе, ол елдегі инфляцияны өршітіп жіберуі ықтимал. Британ экономикасының Брекситтен көрер құқайының соңы бұл ғана емес, сірә.

Доллар әлі де өз тұғырында

Басқа валюталардың құнсыздануы доллар бағамының одан әрі тұрақтануына себеп болды. Оның үстіне, алдағы бір-екі айда америкалық Федералды резервтік жүйе валюта көрсеткіштерін жоғарылатса, доллар бұдан әрі күшейе түсуі мүмкін деген болжам бар.

АҚШ доллары бағамының тұрақтануына қарамастан, бұл елдің ұлттық экономикасында өсім баяулады. ХВҚ есеп-баяндамасы осыны айғақтайды. Биылғы өсім көрсеткіші 1,6 пайызға дейін төмендеген. Әйткенмен, «Financial Times» газетінің жазуынша, АҚШ долларының бағамының өсуіне британ фунтының құлдырауы мен қытай юаны бағамынының құбылмалығы әсер еткен, яғни америкалық экономиканың әсері шамалы.

Осылайша, Брексит әлі толық жүзеге аспай жатып, әлемдік қаржы саласына өз ықпалын тигізе бастады. Доллар бағамына Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы әсер етті деген пікірдің жаны бар. Себебі алпауыт корпорациялар мен компаниялар үшін бұл бөліністің салдары қандай болатыны беймәлім. Яғни, британ экономикасы дербес саясат жүргізу арқылы бұрынғы қуатын сақтап қала ма, жоқ па – ол арасы күмәнді. Бұған қоса, Еуропалық одақтың өзі ішіндегі экономикалық ахуал онша емес. Еуро жылдан-жылға күн көзінде қалған қардай еріп, әлемдік экономикадағы салмағын жоғалта бастады. Мұндай жағдайда, әлемдік валюталардың ішінен АҚШ доллары өзінің тұрақтылығын дәлелдеп, бұрынғысынша сенімге ие болу себебі түсінікті.

Қытай валюта саясатын қолдан жасап отыр

1979 жылы Халықаралық валюта қоры шартты төлем бірлігі ретінде 16 валютаны бекіткен болатын. 1981 жылы тұрақты айырбас өлшемі ретінде АҚШ доллары, неміс маркасы, француз франкі, британ фунты мен жапон йенін қалдырды. Ал 2000 жылы Еуроаймақтың іске қосылуына байланысты марка мен франктың орнын еуро басты. Яғни, 37 жылдан бері ХВҚ валюталар қоржынындағы ақша бірліктерінің санын кеміткені болмаса, жаңасын қосқан емес. Енді, міне, әлемдік валюта қоры ұлғайды, қытай юаны ресми тұрде әлемдік резервтік валютаға айналды. «Елу жылда – ел жаңа» деген мәтелді зымыранша аққан уақыттың ыңғайымен өзгертіп, «қырық жылда – заман да, ақша да басқа» деуге болар.

Сонымен, Кристин Лагарт басқарып отырған Халықаралық валюта қорының осыдан бір жыл бұрын қабылдаған шешімі жүзеге асты. Алдын ала жасалған болжамдарға сәйкес, қытай юаны әлемдік резевртік валюта ретінде нарықтың 11 пайызын қамтуы мүмкін. Салыстыру үшін айта кетелік, АҚШ долларының әлі мұрты қисайған жоқ, ол әлемдік нарықтың 40 пайызын ұстап тұр, ал еуро бұрын 37 пайыз үлеске ие болса, қазір ол нарықтың 31 пайызына ғана ие. Яғни, юань болашақта фунт пен йенді жылы орындарынан ығыстырып, үшінші резервтік валюта болуы ғажап емес.

ХВҚ-ның бұл шешімінің салдары қандай болары әзірге анық емес. Себебі қытай юанының бүгінгі бағамы Қытай үкіметінің қатаң қадағалауында екені мәлім. Доллар, еуро, фунт пен йеннің нарықтағы бағамдары сауда-саттық нәтижесіне байланған болса, юаньның қымбаттап-арзандауы жергілікті үкіметтің экономикалық саясатына тәуелді. Сондықтан қытай юанын әлемдік валюталар қатарына қосу арқылы әлемдік нарықтың өзі қытай тәуекелін бірге көтеруі ықтимал.

Осы орайда, АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамп Хиллари Клинтонмен өткізген бірінші теледебат кезінде Қытайды түйреп өткені еске түседі. «Қытайдың не істеп жатқанын қараңыз, – деді миллиардер. – Олар өз валюталарына девальвация жасады, біздің үкіметте олармен күресетін ешкім жоқ… Олар Қытайдың қуатын қалпына келтіру үшін біздің мемлекетті ақша жинайтын сандықша сияқты пайдаланып отыр». Мұны Трамптың кезекті байбаламы деп қоя салуға болар еді, бірақ жымын білдірмейтін қытайлық саясаттың ғаламдық нарықтағы жағымсыз ықпал-әсерін жоққа шығару қиын.

Бұған дейін Қытай көп жылдар бойы ұлттық валютасының бағамын мемлекеттік саясаттың уысында ұстап, оны төмендетумен келді. Соңғы оншақты жылдан бері Қытай үкіметі АҚШ долларына қарсы өз валютасының тұрақтануына жол берген. Бірақ былтыр тамыз айында және биыл жыл басында аяқ астынан жүргізілген девальвацияның салдары ғаламдық экономикадағы тәуекелі көп активтердің жаппай сатылуына әкелді. Ал соңғы екі-үш аптада қытай юаны долларға қарағанда тағы құнсызданды. Шамасы, Қытай үкіметі бұған дейінгі ұлттық валютаны қолдан тұрақтандыру саясатынан бас тартқан сияқты. Бірақ валютаның құнсыздануына нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың ара салмағы себеп деудің қисыны жоқ. Қытай экономикасының ғаламдық экономиканың өсіміне тигізер ықпалының зор екенін ескерсек, Трамптың «Қытай валюта соғысын жүргізіп отыр» деп байбалам салуында шындық бар сияқты. «Жақсының айтқаны, жаманның сандырағы келеді» деп бекер айтпаған ғой…

 

Гүлбиғаш ОМАР

 Ұлыбритания

"Түркістан" газеті