Фото: ашық дереккөз
Алматы қаласының әуе көлігі прокуратурасының араласуынан кейін FlyArystan әуе компаниясы қол жүгінде duty free дүкендерінен алынған тауарларды тасымалдау қағидаларын жаңартты, деп хабарлайды Ult.kz.
Тексеру барысында әуе компаниясының бұрынғы шектеулері заң талаптарына қайшы екені анықталған. Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде FlyArystan өз ішкі ережелерін қайта қарап, түзетулер енгізді.
Жаңартылған тәртіпке сәйкес, 2025 жылғы 1 қазаннан бастап халықаралық рейстердің жолаушылары duty free дүкендерінен сатып алынған тауарларды қол жүгінде тегін алып өте алады. Қағидалардың толық мәтіні компанияның ресми сайтында жарияланды.
Прокуратура өкілдері бұл өзгерістер заңнаманы бірыңғай қолдануға, жолаушылар үшін түсінікті жағдай қалыптастыруға және әуе компаниясы қызметінің ашықтығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
