28 қаз, 2025 сағат 15:40

Финляндия Президенті алғаш рет Қазақстанға ресми сапармен келді

Фото: Ақорда

Бүгін «Ақорда» резиденциясында Финляндия Президенті Александр Стуббты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Бұл – оның Мемлекет басшысы ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары, деп хабарлайды Ult.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб бұған дейін БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында Нью-Йоркте кездескен болатын.

Келіссөз барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, соның ішінде инвестиция мен сауда саласындағы мүмкіндіктерді талқылады.

Президент Тоқаев Финляндия Қазақстан экономикасына 2005 жылдан бері жарты миллиард долларға жуық инвестиция салғанын атап өтті.

«Сіздің сапарыңыз – екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді. Екі ел арасында шешілмеген мәселе жоқ. Бүгін өтетін бизнес-форум кәсіпкерлер арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға жол ашады», – деді Мемлекет басшысы.


Өз кезегінде Александр Стубб Қазақстанға үшінші рет келгенін айтып, екі елдің арасындағы экономикалық және саяси байланыстарды кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

«Финляндиядан 20-дан астам ірі компания өкілдері келді. Астанадан Isku және Honkarakenne сияқты фин брендтерін көру біз үшін қуаныш. Сонымен қатар, сыртқы саясат пен қауіпсіздік саласында да ұстанымдарымыз ұқсас», – деді ол.


Сапар аясында екі ел басшылары бизнес-форумға қатысып, жаңа әріптестік жобаларды талқылайды деп күтілуде.